ЦДИАӨМ Орталық Азиядағы жаңа буындағы алғашқы суперкомпьютерді іске қосты

ЦДИАӨМ Орталық Азиядағы жаңа буындағы алғашқы суперкомпьютерді іске қосты

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) ресми түрде Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерді іске қосты.

Салтанатты ашылу рәсімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Alem.cloud Ұлттық суперкомпьютер орталығында өтті.

Жаңа есептеу кластерінің өнімділігі өңір бойынша рекордтық көрсеткішке ие — 2 экзафлопс (FP8 әдісі бойынша). Бұл суперкомпьютерді Орталық Азиядағы ең қуатты ақпараттық технологиялық шешімге айналдырады.

Суперкомпьютердің инфрақұрылымы заманауи Tier III деректер орталығында орналасқан, бұл жүйенің жоғары сенімділігі мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютердің іске қосылуы экономика мен ғылымның негізгі салаларын цифрландырудағы маңызды қадам екенін атап өтіп, озық технологияларды күнделікті өмірге енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

Жоба Мемлекет басшысының ұлттық технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру және Қазақстан Республикасында жасанды интеллектті дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды.

«Ұлттық суперкомпьютерлік орталықты іске қосу — елдің технологиялық егемендігін дамытудағы стратегиялық қадам. Біз жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру үшін жағдай жасап отырмыз», — деп атап өтті цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Презентация барысында Мемлекет басшысына жаңа суперкомпьютердің есептеу ресурстары арқылы әзірленген отандық жасанды интеллект жобалары да таныстырылды. Олардың қатарында AlemLLM — қазақ тіліне бейімделген үлкен тілдік модель, орман өрті қауіпін ерте анықтау жүйесі, сондай-ақ медицина, құрылыс және білім беру салаларындағы инновациялық жобалар да бар.

Суперкомпьютердің іске қосылуымен Қазақстанда алғаш рет нейрожелілік шешімдер әзірлейтін стартаптар, университеттер, ғылыми орталықтар, мемлекеттік және жеке секторлар үшін жоғары өнімді есептеу ресурстарына кең қолжетімділік пайда болды.

Бұл оқиға цифрлық технологиялар, үлкен деректер және жасанды интеллект салаларын дамытудың жаңа кезеңін ашып, Қазақстанның өңірлік технологиялық көшбасшы ретіндегі мәртебесін нығайтады.