Қазақстан цифрлық трансформация мен блокчейн экономикасын дамыту жолында тағы бір маңызды қадам жасады. Астанада Орталық Азиядағы Solana блокчейн платформасы негізінде құрылған Solana Economic Zone Kazakhstan алғашқы экономикалық аймақ іске қосылды.
Solana Foundation қолдауымен өткен бұл іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар және Web3 экожүйесінің көшбасшылары қатысты. SEZ KZ іске қосылуы Astana International Forum 2025 қарсаңында өтіп, технология, инвестиция және мемлекеттік саясат тоғысындағы маңызды оқиға болды.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, цифрлық экономиканы дамытуға арналған мамандандырылған аймақтарды құру — технологиялық серпіліс жасауға арналған тиімді құрал. Мысалы, Дубайда Dubai Multi Commodities Centre (DMCC) Crypto Centre табысты жұмыс істеп тұр. Онда ондаған блокчейн-компаниялар орналасқан, қолайлы реттеу тетіктері енгізілген және стартаптар инфрақұрылым мен инвестицияға қол жеткізе алады.
Қазақстан үздік халықаралық тәжірибелерді өз стратегиялық мақсаттарына бейімдеп қабылдайды. Solana Economic Zone — тәжірибе алмасуға, шешімдерді сынақтан өткізуге және қазақстандық компанияларды жаһандық нарыққа шығаруға арналған алаң болмақ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Solana Economic Zone жобасының іске қосылуы Қазақстанның экономикалық салаға озық цифрлық технологияларды интеграциялауға стратегиялық тұрғыда дайын екенін білдіретінін атап өтті:
«Біз тұрақты әрі бәсекеге қабілетті цифрлық экожүйе құруға ұмтыламыз. Solana Economic Zone сияқты жобалар бізге активтерді токенизациялаудан бастап, Web3 саласындағы кадрлық әлеуетті дамытуға дейінгі жаңа тәсілдерді сынап көруге және енгізуге мүмкіндік береді»
Іс-шара аясында энергетика, қаржы, агротехнология, ойын индустриясы және сауда салаларында жұмыс істейтін халықаралық стартаптар ұсынған блокчейн негізіндегі шешімдер таныстырылды. Сондай-ақ, құнды қағаздарды, алтынды, жылжымайтын мүлікті және басқа да активтерді токенизациялау мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу нәтижесінде стратегиялық меморандумға қол қойылды, оған келесі бағыттар кірді:
Министрлік жасанды интеллекттен бастап блокчейнге дейінгі озық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырып жатыр. Бұл елдің цифрлық егемендігін қамтамасыз етуге және экономикалық өсіміне бағытталған.