6 ақпанда Қазақстан Республикасының ЦДИАӨМ мен «Freedom Telecom Holding Ltd.» компаниясы арасында Батыс-Шығыс ұлттық талшықты-оптикалық гипермагистралін салу және Tier-III деңгейінен төмен емес деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) құру салаларында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Бұл бастамаларды жүзеге асыру елге Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы халықаралық деректер транзиті үшін баламалы маршрут құруға, Қазақстанның цифрлық қызметтер саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және әлемдік ірі IT-компанияларды тартуға мүмкіндік береді.
Батыс-Шығыс ұлттық гипермагистралінің құрылысы деректерді беру көлемін айтарлықтай ұлғайтып, Қазақстанды халықаралық интернет-трафик транзитіндегі негізгі қатысушыға айналдырмақ. Бұл жоба деректерді беру кідірістерін азайтуға, қосылу жылдамдығын арттыруға және Еуропа мен Азия арасындағы трафикті өткізуге баламалы маршрут қалыптастыруға бағытталған. Гипермагистраль құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Бұл әсіресе бұлтты технологиялар, қаржылық операциялар, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік үшін өте маңызды. Сондай-ақ, гипермагистраль құрылысы ірі IT-компанияларды, телекоммуникациялық корпорацияларды және деректерді жылдам және қауіпсіз тасымалдауға мүдделі қаржы институттары секілді халықаралық клиенттерді тартуға ықпал етеді.
Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытудың негізгі элементтерінің бірі – заманауи деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) салу. Бұл орталықтар контентті жинақтап, трафиктің тұрақты байланысын қамтамасыз етеді. Олар Tier-III халықаралық стандартына сәйкес салынатындықтан, жоғары сенімділік пен қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етеді.
«Батыс-Шығыс ұлттық гипермагистралін салу» және «Tier-III деңгейінен төмен емес ДӨО құру» жобалары бойынша меморандумға қол қою – Қазақстанның цифрлық дамуындағы стратегиялық маңызды қадам. Бұл бастамалар елдің халықаралық трафик транзитіндегі үлесін арттырып, сенімді деректерді сақтау инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаларды жеке инвестициялар есебінен қаржыландыру жоспарланған.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
2025 жылғы 5-7 ақпан аралығында «Қыздарға арналған ЖИ дағдылары акселераторы» бағдарламасы аясында қыздарға арналған оқу өткізілуде. Іс-шараның ашылуына Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев пен онлайн форматта Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) ТМД аймағы бойынша өңірлік директоры Наталья Мочу қосылды.
Оқыту қыздар мен әйелдердің жасанды интеллекттің заманауи технологияларына қатысты цифрлық дағдыларын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл екі жылдық бағдарламаны жүзеге асыру үшін ХЭО Даму секторы мен EY бірлесіп жұмыс атқаруда. Бағдарлама озық технологиялық білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
«Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллектті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Біз ЖИ-ді өміріміздің барлық саласына енгізуді жоспарлап отырмыз. Алдымызға үлкен мақсат қойдық – 5 жыл ішінде 1 миллион адамды оқыту. Оның ішінде 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметкер, 80 мың корпоративтік сектор өкілі және 30 мың басқа салалардың өкілдері бар. Барлық бағыттар бойынша белгілі бір пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қазіргі және болашақ мемлекеттік қызметкерлер үшін ЖИ бойынша оқытуды міндетті ету талаптарын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл пилоттық жобаны осы жылдың наурыз айында іске қосамыз. Көріп отырғаныңыздай, барлық азаматтар санатына арналған ЖИ бойынша оқыту бағдарламалары қарастырылған», – деп атап өтті министр Жаслан Мадиев.
Бағдарлама қыздарға цифрлық, этикалық және басқарушылық дағдыларды меңгеруге көмектесіп, олардың инновациялық шешімдер әзірлеуіне және ЖИ-ді өз қауымдастықтарындағы мәселелерді шешу үшін қолдануына мүмкіндік береді.
Екі жыл ішінде бағдарлама мынадай нәтижелерге қол жеткізеді:
Жоба ХЭО Даму секторы мен EY серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.
«Жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамыту қыздарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл оларға тек озық технологияларды игеруге ғана емес, сонымен қатар оларды өз қауымдастықтарының игілігіне пайдалануға көмектеседі. Бұл бағдарлама – неғұрлым инклюзивті және тең құқылы цифрлық болашаққа қарай жасалған қадам», – деп атап өтті ХЭО-ның ТМД аймағы бойынша өңірлік директоры Наталья Мочу.
2024–2025 жылдарға арналған алғашқы қатысушы елдердің қатарына Үндістан, Иордания, Қазақстан, Кения, Мальта және Парагвай енді.
https://www.itu.int/women-and-girls/women-in-ict/ai-skills-accelerator-for-girls/
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Жобаларды дамытуға арналған гранттар, жетекші технологиялық хабтарда резиденттік, ірі инвесторларға қолжетімділік және бірегей бизнес-ресурстар – Digital Almaty 2025 IT-мамандар, стартапшылар, инвесторлар, бизнес өкілдері және мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланыстырушы көпірге айналды.
Форумның басты тақырыбы – жасанды интеллекттің (ЖИ) өнеркәсіпке, экономикаға және мемлекеттік басқаруға әсері болды. Оның қаржы саласына, мемлекеттік басқаруға, ESG, медицинаға, білім беру мен киберқауіпсіздікке интеграциясы талқыланды.
Қазақстанның Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астанада Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылатыны туралы жариялады. Бұл орталық стартаптар мен IT-компанияларды біріктіреді. Ол сондай-ақ ЕАЭО елдерін осы жобаға қосылуға шақырды. Пленарлық отырыс барысында Digital Awards премиясының лауреаттары – үздік IT-шешімдер мен инновациялық жобалар иегерлері марапатталды.
Форумның іскерлік бағдарламасы аясында 37 панельдік сессия өтті, оған 200 спикер қатысты, оның 60-ы – шетелдік сарапшылар. "AI-driven: Government, business, society" тақырыбындағы панельдік дискуссияда қатысушылар мемлекет пен бизнестің ЖИ саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын, сондай-ақ инфрақұрылым мен кадр даярлауға инвестиция құю қажеттігін атап өтті.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, қазіргі таңда жасанды интеллект әр адамның өмірінде сенімді серікке айналуы тиіс.
"Жасанды интеллектті неғұрлым жылдам қабылдасақ, соғұрлым жақсы мұғалім, жақсы дәрігер, жақсы кәсіпкер бола аламыз", – деп мәлімдеді Veon Group компаниясының бас директоры Каан Терзиоғлу.
Oxford Insights компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Ричард Стирлинг жасанды интеллект бұрын адамдар атқарған міндеттерді барған сайын көбірек орындай бастағанын атап өтті. Мысалы, ЖИ медициналық деректерді талдап, диагноз қоюға көмектесе алады. Алайда, оның пікірінше, ең тиімді модель – адамның жасанды интеллектпен бірлескен жұмысы.
"Қазірдің өзінде еңбек нарығы өзгеруде. Мен жұмыссыздық туралы айтып тұрған жоқпын, бірақ әр адам жаңа жағдайға бейімделіп, жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйренуі керек. Бұл оған құнды тәжірибе береді", – деді Стирлинг.
Ал Лондонның "Арсенал" клубының және Англия құрамасының бұрынғы футболшысы Сол Кэмпбелл адамдарға роботтармен жұмыс орны үшін бәсекелесуден қорқудың қажеті жоқ екенін айтты.
"Мұнда оқыту саласында көптеген жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі бар. Менің ойымша, жасанды интеллект еңбек нарығына кері әсер етпейді. Керісінше, ол жұмыс орындарының артуына, салалардың дамуына ықпал етеді. Кейбір мамандықтар жоғалуы мүмкін, бірақ жалпы алғанда, өсім болады", – деген пікірін білдірді Сол Кэмпбелл.
Gagarin Capital және Davidovs VC негізін қалаушы Ник Давыдов, соңғы 12 жыл бойы тек AI-стартаптарға инвестиция салып келе жатқан инвестор, Қазақстанның IT индустриясына арналған инвестициялық қорына баға берді. Ол Қазақстанның Кремний алқабына ұқсас жұмыс мәдениетіне ие екенін атап өтті.
«Мұнда тамаша білім беру жүйесі, керемет таланттар бар, адамдар ақылды әрі табанды. Жұмыс мәдениеті өте жағымды және Кремний алқабының мәдениетіне сай келеді. Адамдар аптасына 100 сағат жұмыс істеуге және қажеттінің бәрін жасауға дайын», – дейді Ник Давыдов.
Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турловтың пікірінше, жасанды интеллектке жоғары шығындар жұмсалғанына қарамастан, оның енгізілуі бизнес өнімділігі мен тиімділігінің артуы есебінен әлдеқайда көп пайда әкеледі.
«Жасанды интеллектті енгізу оны жасаумен салыстырғанда әлдеқайда көп пайда әкеледі. Тіпті ондаған және жүздеген миллион доллар жұмсалғанның өзінде, негізгі құндылық ақырғы пайдаланушылар үшін пайдасында болады», – деді Турлов.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Салалық ведомство AI Movement және LMS сияқты білім беру платформаларын дамытуға, сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған республикалық AI Olymp олимпиадасын өткізуге ниетті. Бұл шаралар жасанды интеллект саласындағы кәсіби мамандар қауымдастығын қалыптастыруға көмектеседі.
«Біз ұлттық жасанды интеллект платформасын дамыту үшін есептеу қуатын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл мемлекеттік органдар үшін AI-агенттерді құруға, KazLLM сияқты ұлттық тілдік модельдерді дамытуға негіз болады. Ұлттық жасанды интеллект платформасы мемлекеттік органдардың жабық контурында жұмыс істеуге қолжетімді болады, бұл деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді», – деді Жаслан Мәдиев.
2025 жылы жасанды интеллект саласындағы жұмысты реттейтін заң жобасын қабылдау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл Қазақстанда AI технологияларын дамытудың басымдықтары, мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын кешенді құжат – Ұлттық жасанды интеллект дамыту стратегиясын әзірлеу басталады.
Жасанды интеллект инфрақұрылымының маңызды нысандарының бірі – Астанадағы Alem.AI халықаралық орталығы болмақ. Мәдиевтің түсіндіруінше, оны құрудың мақсаты – жасанды интеллектті ел экономикасына және қазақстандықтардың күнделікті өміріне енгізу.
2030 жылға қарай жасанды интеллектпен жұмыс істеуге 1 миллион қазақстандықты оқыту жоспарлануда, оның ішінде 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент және 90 мың мемлекеттік қызметші. Білім беру бағдарламаларын енгізу цифрлық трансформацияға дайын мамандар буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Еуразиялық даму банкінің төраға орынбасары Тигран Саркисянмен кездесу өткізіп, Цифрлық бастамалар қорының жобалары, соның ішінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа, Астананың көлік үлгісі және телерадио хабарларын таратудағы қауіптерді басқару жүйесі бойынша ынтымақтастықты талқылады. Министр жасанды интеллектті дамыту – үкіметтің басымдықтарының бірі екенін, оның ішінде мемлекеттік жасанды интеллект платформасы мен AI-агенттерін құру жоспарланғанын атап өтті. ЕАДБ мұндай жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ венчурлік бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.
Digital Almaty 2025 көрмесінде жалпы саны 200-ге жуық компания таныстырылды. Олардың қатарында: жас стартаптар, IT-алыптар, халықаралық технопарктер, инновациялық жобалар, инвесторлар және бизнес өкілдері бар.
Форумның қорытындысында жүлде қоры 60 мың доллар болатын стартаптар сайысы өтті. Жас командалар өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынды. Негізгі номинациялардың жеңімпаздары epsilon3ai, Finflow, arlan biotech және qala ai әрқайсысы 15 мың доллардан жүлде алды. Сондай-ақ финалистер арасында серіктестер тарапынан арнайы жүлделер таратылды. Олардың ішінде бұлтты сервистер, жарнамалық кампаниялар, халықаралық хабтарға резиденттік және "Қазақтелеком" компаниясынан 10 мың доллар болды.
Сонымен қатар, Digital Ministry Cup робототехника турнирінің жеңімпаздары да марапатталды. Бұл турнир FIRST Tech Challenge халықаралық чемпионатының бір бөлігіне айналды. Байқауға Қазақстанның 24 үздік командасы қатысты. Турнирдің жеңімпазы Алматы қаласынан Sana БІЛ командасы атанып, 1 миллион теңге жүлде алды. Бұл турнир Қазақстанда STEM-білім беруді насихаттаудың маңызды қадамы болып, жастарға технологиялар саласында жаңа мүмкіндіктер ашты.
Ақпан айында Алматыда Almaty Tech Cup финалдық кезеңі өтеді. Ол Орталық Азияның үздік командаларын анықтап, оларды Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship әлемдік чемпионатына қатысуға жолдама береді.
Форум аясында компаниялар мен мемлекеттік органдар арасында 25-тен астам ынтымақтастық меморандумы жасалды. Сондай-ақ 150-ден астам іскерлік кездесу мен келіссөздер өтті. Бұл шаралардың IT саласына тигізер әсерін жақын арада байқайтын боламыз.
Digital Almaty 2025 тағы да өзінің ЕАЭО мен Орталық Азиядағы цифрлық технологиялар саласындағы басты оқиға ретіндегі мәртебесін растады. Ол цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасу, перспективаларды талқылау және ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
2025 жылғы 4 ақпанда Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде Конго Республикасы үшін айыру қабілеті жоғары Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін әзірлеу және іске асыру туралы инвестициялық келісімге ресми түрде қол қойылды. Құжатқа «Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы» АҚ мен Конго Республикасының өкілдері қол қойды.
Жоба ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстардың мониторингі, ауыл шаруашылығы, экология және урбанистика салаларында ғарыштық технологияларды дамытуға бағытталған. Келісім аясында жер бетін жоғары дәлдікпен және жедел бақылауға қабілетті жоғары технологиялық спутниктік платформа құру көзделген.
Аталаған келісім Конго Республикасына Жерді қашықтан зондтау спутниктерінің халықаралық тобына қосылуға мүмкіндік береді. Бұл топқа қазірдің өзінде Моңғолия кіреді. Бұл ғарыштық технологияларды әзірлеу саласындағы кеңейтілген халықаралық ынтымақтастықтың негізін қалайды, деректер мен мониторинг және аналитика саласындағы озық әзірлемелермен алмасуды қамтамасыз етеді.
«Спутниктік платформадан бөлек, Қазақстан оқыту мен тәжірибе алмасуды қамтитын кешенді шешім ұсынады. Қазақстан технологиялық әзірлемелердің орталығы ретінде өз позициясын арттырып келеді. Осы орайда халықаралық әріптестер біздің шешімдерімізге сенім артады. Бұл – отандық ғарыш индустриясының жоғары деңгейін растайтын екінші табысты экспорттық жоба», – деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін, 2024 жылғы 2 қыркүйекте, тараптар Жерді қашықтан зондтау саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында жол картасына қол қойды, бұл қазіргі келісімге отыру жолында маңызды қадам болды.
Бұл келісім Қазақстан мен Конго Республикасы арасындағы ғарыш саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуге және жаңа технологиялық бастамаларды дамытуға ықпал ететін болады.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» (ҰКДИ) жобасын іске асыруды аяқтады.
ҰКДИ – цифрлық экономиканы, геокеңістіктік қызметтерді және ГАЖ, BIM, Smart City, пилотсыз көлік, VR/AR, дәл егіншілік сияқты инновациялық технологияларды дамытудағы маңызды қадам.
Жоба аясында геодезия, картография және кеңістіктік деректердің цифрлық трансформациясы саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізілді.
Жобаның негізгі жетістіктері:
Барлық картографиялық материалдар мен кеңістіктік деректер ҰКДИ мемлекеттік геопорталында жарияланған және цифрлық форматта қолжетімді.
Онлайн картографиялық сервис ҰКДИ картографиялық материалдарды жүктеуге мүмкіндік береді, осылайша қазақстандық стартаптар, картографиялық және IT-компаниялар үшін Google Maps, Yandex такси, 2ГАЖ анықтамалығы сияқты сервистерді әзірлеп, бизнес пен азаматтарға ұсынуға жағдай жасайды.
Алматыда VII Digital Almaty халықаралық форумы өз жұмысын аяқтады. Шешуші күннің басты оқиғасы инновациялар мен цифрлық технологиялар саласындағы беделді конкурстардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Асыға күткен іс-шаралардың бірі — стартаптарға Қазақстанның ірі кәсіпорындарына өз шешімдерін ұсынуға, пилоттық жобаларды іске қосуға, инвесторлардың назарын аударуға және маңызды іскерлік байланыс орнатуға бірегей мүмкіндік беретін — Industrial AI Battle байқауы өтті. 200 өтінімнің ішінен финалға жасанды интеллект саласындағы үздік 15 стартап шықты. Жобаларды қазылар алқасының кәсіби мүшелері, оның ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері, венчурлік инвесторлар, трекерлер және индустрия көшбасшылары бағалады.
Негізгі номинациялар бойынша жеңімпаздар:
Оған қоса финалистер арасында серіктестерден арнайы сыйлықтар таратылды:
Тағы бір маңызды оқиға балалар арасындағы Робототехника чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау болды. Қазақстанның үздік төрт командасы халықаралық жарыстарда ел атынан қатысуға мүмкіндік алды, сондай-ақ 2 миллион теңге көлемінде жүлде қоры тағайындалды.
Жарыс қорытындысы бойынша Алматыдан келген Sana БИЛ командасы жеңімпаз атанып, 1 000 000 теңге көлемінде бас жүлдеге ие болды. Екінші орынды Алматы қаласының №208 мектебінен Point командасы иеленіп, 500 000 теңге жүлде қорын алды. Үшінші орынды және 300 000 теңге көлеміндегі жүлдені Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PID командасы иеленген. Төртінші орынды Қарағанды қаласының "Мұрагер" мектебінен Jeltoqsun командасы алып, 200 000 теңге жүлдеге ие болды.
Чемпионатты USTEM Foundation ұйымдастырды. Оның қолдауымен қазақстандық командалар Женевада (2022), Сингапурда (2023) және Афинада (2024) жеңіске жетіп, FIRST Global Challenge үш дүркін чемпионы атанды.
Сонымен қатар, "Digital Almaty Multi-Drone Championship" (MDC) шеңберінде өткен дрон-футболдан чемпионат қорытындыланды. Турнир толықтай FIDA (халықаралық дрон-футбол федерациясы) қолдауымен өтті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен FIDA халықаралық турнирлеріне қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болды.
Жеңімпаздар:
1-орын — Skyzone X4Pro;
2-орын — Radiomaster Boxer ELRS;
3-орын — BetaFPV Air65 Freestyle.
VII Digital Almaty халықаралық форумы үздік мамандарды, стартапшылар мен инвесторлардың басын қосатын технологиялар әлеміндегі басты алаң ретінде тағы да мәртебесін үстем етті. Келер жылы форумда кездескенше!
Анықтама:
Digital Almaty — цифрлық күн тәртібін, цифрлық трансформацияның жаңа стратегияларын және цифрлық технологиялар саласындағы трендтерді талқылауға арналған дәстүрлі диалог алаңы. Форум 2018 жылдан бастап жетінші рет өткізіліп жатыр.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және
Astana Hub.
Бас серіктес: Freedom Bank
Алтын санатындағы серіктестер: Yandex.Kazakhstan, Казахтелеком, Kaspi Bank; Күміс
санатындағы серіктестер: Freedom Telecom; Қола санатындағы серіктестер: Halyk Bank,
CITIX
Индустриалды серіктес: Kcell; Ресми серіктес: Noventiq & Microsoft & Lenovo & Softclub;
Технологиялық серіктестер: Hikvision Kazakhstan, Битрикс24; Инновациялық серіктес: VK
Cloud.; Цифрлық қызметтер жөнінде серіктестер: Tele2, ALTEL
Бас ақпараттық серіктес: Телеканал 24KZ
Ақпараттық серіктестер: Ulysmedia, DKN World News, Zakon.kz, BAQ.kz, El.kz, Baige News,
BizMedia, Profit, BES Media, Digital Business, Er10, The Steppe, We project, TheTech, Sxodim,
Qazaqpress, TheHodl, Central Asia Cronos, AlemInform, Optimism, QR News, Mobilaser.
Ниет туралы келісімге Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, AgiBot, ewpartners, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ компанияларының басшылығы арасында Digital Almaty 2025 жыл сайынғы форумында қол қойылды. Әріптестік аясында AgiBot компаниясы Қазақстанда роботтар мен жасанды интеллект шешімдерін өндіру және енгізу бойынша бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр.
2023 жылдың ақпанында негізі қаланған AgiBot компаниясы әмбебап адам тәрізді роботтарды әзірлеу және өндірумен айналысады. AgiBot жасанды интеллект пен робототехника саласындағы технологияларды белсенді дамытып, роботтарды өнеркәсіптен бастап тұрмыстық міндеттерге дейін кең ауқымды қолдану үшін әзірлейді. 2024 жылдың желтоқсанында Шанхайдағы AgiBot кәсіпорнында шығарылған роботтардың саны 1000 бірлікке жетті.
Айта кеткен жөн, Қазақстан өңірдегі алғашқы өндіріс локализациясы және әрі қарайғы әзірлемелерді экспорттау елі ретінде қарастырылуда. Әріптестік аясында AgiBot компаниясы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, роботтар мен роботтандырылған жүйелерді оқытуға арналған «деректер фабрикасын» іске қосады деп күтілуде.
«AgiBot сияқты озық компаниямен серіктестік – робот жасау саласын дамыту тарихындағы маңызды кезең. Әсіресе, біздің әріптестігіміз Қазақстан аумағында роботтар өндірісін локализациялауды көздейтінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бізге машина жасау саласындағы ең перспективалы бағыттардың бірінде кәсіпорын ашумен қатар, сараптамалық тәжірибені арттыруға және робототехника саласындағы отандық құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Бірлескен бастамаларды қаржыландыруға ewpartners жеке инвестициялық қоры және «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ қатысады деп жоспарлануда.
Жақын арада Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығында AgiBot роботтарының тәжірибелік үлгілерін көрсететін көрме мен бірлескен ҒЗТКЖ (R&D) орталығы ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, компания қазақстандық университеттермен ынтымақтастық орнатып, бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу және студенттерді робот жинауға оқыту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Анықтама:
«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ – 2007 жылы құрылған тікелей инвестициялар қорлары қоры. Негізгі миссиясы – Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында тікелей инвестициялар мен венчурлік қаржыландыру инфрақұрылымын дамыту. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылады. Қосымша ақпаратты https://qic.kz/ru сайтынан алуға болады.
ewpartners – Таяу Шығыс елдерінің ірі егеменді қорлары және халықаралық қаржы инвесторлары қолдайтын жеке инвестициялық компания. Компания Қытайдың жетекші өнеркәсіптік көшбасшыларымен трансшекаралық серіктестіктерді құру мен қаржыландыруға маманданған, сондай-ақ технологияға негізделген жаһандық интеграцияланған экожүйелерді бірлесіп құрумен айналысады, бұл ретте өз инвесторлары үшін жоғары табыстылықты қамтамасыз етеді.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Digital Almaty-2025 халықаралық форумы аясында "Жаңа деңгейдегі қорғаныс: киберқауіптер мен қауіпсіздік жүйелерін басқарудағы AI" панельдік сессиясы өтті. Жетекші сарапшылар ақпараттық қауіпсіздік саласында жасанды интеллектті (AI) қолдану мүмкіндіктерін, жаңа заңнамалық бастамаларды және деректерді қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты талқылады.
Сессия модераторы Халықаралық электр байланысы одағының (БҰҰ ХЭБО) ТМД елдеріне арналған өңірлік бөлімшесінің бағдарламалар үйлестірушісі Фарид Нахли болды.
Мемлекеттік органдардың, бизнестің және сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері негізгі баяндамалар жасады. Цифрлық даму министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов дербес деректерді қорғаудың жүйелі тәсілдерін, деректердің таралып кету қаупінің алдын алу шараларын және Қазақстанның халықаралық киберкеңістіктегі стратегиясын ұсынды.
"Соңғы жылдары біз деректерге қол жеткізуді бақылау сервисі, Bug bounty платформасы, 220-дан астам мемлекеттік жүйелерді ақпаратты қорғау платформасымен интеграциялау секілді бірқатар маңызды бастамаларды енгіздік. Жасанды интеллект осал тұстарды анықтауда, кибершабуылдардың алдын алуда және азаматтарды қорғауда маңызды рөл атқарады", - деді өз сөзінде Руслан Әбдіқалықов.
Бүгін Қазақстан Халықаралық электр байланысы одағының (БҰҰ ХЭБО) Tier 2 рейтингінде 3-орынға ие болып, киберқауіпсіздікте айтарлықтай жетістікке жетті. Алдағы жылдары ел алдында цифрлық қауіпсіздік саласындағы көшбасшылық позицияларды белгілейтін Tier 1 (Role-modeling) тобына кіру мақсаты тұр.
Негізгі бастамалардың ішінде Руслан Әбдіқалықов мамандарды даярлауға арналған зиянды кодты зерттеу орталығы мен киберполигонның іске қосылуын, "Киберқалқан-2" бағдарламасын кеңейтуді, eGov-та "СТОП-КРЕДИТ" функциясын енгізуді, дербес деректерді қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияларға қосылуды айтты.
Digital Almaty-2025 аясында "Зияткерлік (интеллектуалды) экономика: бұлтты технологиялар және AI Орталық Азиядағы инвестициялар мен инновациялардың қозғаушысы ретінде" тақырыбында ЖИЖ цифрландыру жөніндегі жұмыс тобының панельдік сессиясы өтті.
Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова Министрлік киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау тәсілдерін көрсететін цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заң әзірлеп жатқанын хабарлады. АҚ (ақпараттық қауіпсіздік) реттеушісі “ЖИ адамды толықтырады” деген қағиданы ұстанады, ал оны әзірлеушілер мен иелері қауіп-қатерлерді үнемі бақылап отыруы қажет.
Бүгінде Қазақстанда 51 отандық компания жедел ақпараттық қауіпсіздік қызметтерін ұсынады. Бұл нарықтың дамуы шамадан тыс реттеусіз технологиялық сектормен ынтымақтастық саясатымен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте мемлекет дербес деректерді, ұлттық мүдделер мен қауіпсіздікті қорғауға қойылатын талаптарды белгілейді.
Сессия киберқауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлер мен шешімдерді талқылау үшін маңызды алаңға айналды. Мемлекет, бизнес және халықаралық ұйымдардың өкілдері AI кешенді тәсілін, оның қолданылуын пайдалана отырып, Қазақстанның цифрлық кеңістігін сенімді қорғауды қамтамасыз етуге жәрдемдесетініне келісті.
Қазақстан АҚШ пен Қытайды қоса алғанда, әлемнің жетекші технологиялық экожүйелерімен тең қарқынмен құны $1 млрд және тіпті $10 млрд стартаптарды тудыратын технологиялық экожүйені құрды. Бұл туралы стартаптар мен венчурлық инвестицияларды талдаудың әлемдік жетекші платформасы Dealroom.co негізін қалаушысы және бас директоры Йорам Вийнгаарде мәлімдеді.
Digital Almaty-2025 халықаралық форумында сөйлеген сөзінде Йорам Вийнгаарде жаңа экожүйелер мен олардың жаһандық нарыққа ашатын мүмкіндіктерінің маңызын айтып өтті. Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропа стартаптар саны бойынша көшбасшы болып қала береді, алайда Азия елдері жоғары өсу қарқынын көрсетіп жатыр. Қазақстан қазірдің өзінде Орталық Азияға инвестицияланатын бүкіл жаһандық венчурлық капиталдың 15-20%-ын иеленіп отыр.
"Қазақстан стартап-экожүйелердің әлемдік аренасында маңызды ойыншы атанды. Бүгін мұнда көптеген жоғары технологиялық стартаптар дамып жатыр және аймаққа венчурлық капиталды инвестициялау айтарлықтай өсті. Қазақстан "декакорндардың", яғни 10 миллиард АҚШ долларынан асатын стартаптардың пайда болу динамикасы бойынша АҚШ-қа жетіп қана қоймай, озып та бара жатыр. Өте қысқа мерзім ішінде, Қазақстанның өте жас IT-экожүйесінде 10 миллиард доллардан жоғары бағаға ие Kaspi.kz секілді компаниялар пайда болды, бұл қазақстандық экожүйенің халықаралық венчурлық инвестицияларды тартудағы және әлемдік деңгейдегі компанияларды құрудағы жоғары әлеуетін көрсетеді", - деп атап өтті Йорам Вийнгаарде.
Dealroom.co жұмысы барысында Қазақстандағы 101 стартап талданды, ал бұл өңірді зерттеудің бастамасы ғана. Вийнгаарде келер жылы Astana Hub халықаралық Технопаркімен ынтымақтастықты нығайтудың арқасында деректер базасы айтарлықтай кеңейетініне сенім білдірді, бұл қазақстандық стартап-экожүйенің мүмкіндіктері мен үрдістерін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.
Қазақстанның экожүйесін Dealroom.co платформасына интеграциялау халықаралық инвестициялар мен серіктестіктерге қолжетімділікті ашатын стратегиялық маңызы бар. Бұл қазақстандық стартаптарға капитал тартуға, жаһандық нарыққа шығуды жеделдетуге және инновациялардың әлемдік картасында ел позициясын нығайтуға көмектеседі.
Еске салсақ, 31 қаңтар – 1 ақпан аралығы Алматыда "Атакент" көрме кешенінде Digital Almaty-2025 халықаралық форумы өтіп жатыр. Іс-шараның тақырыбы - "Industrial AI: жаңа дәуірге арналған технологиялар". Форумды ұйымдастырушылар: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Алматы әкімдігі және "Инновациялық технологиялар паркі" ДКҚ.
Анықтама: Dealroom.co — бұл бүкіл әлем бойынша стартаптар, венчурлық инвестициялар және корпорациялар туралы деректерді жинайтын және талдайтын жаһандық платформа. 2013 жылы Амстердамда құрылған, Dealroom.co венчурлық инвесторлар мен стартаптар үшін аналитика мен деректердің негізгі көзі ретінде танылған. Платформада 2 миллионнан астам стартаптар мен инвесторлар туралы ақпарат бар, олар инвестициялық мүмкіндіктерді бағалауға, экожүйелерді талдауға және олардың өсуін болжауға бірегей мүмкіндік береді.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Digital Almaty-2025 халықаралық форумы алаңында "Байланыстан интеллектке: телекоммуникация ЖИ индустриясының негізі ретінде" тақырыбында панельдік сессия өтті. Спикерлер телекоммуникация саласын реттеу, 5G-ге қосылу және инновациялық технологиялар мәселелерін талқылады.
Министрлік еліміздің телекоммуникациялық байланысын жақсарту бойынша бірнеше бастамаларды іске асырып жатыр. Солардың бірі - "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы.
Ұлттық жобада елді мекендерді, автожолдарды кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету және олардың сапасын жақсарту, атап айтқанда сымды инфрақұрылым мен сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамыту, транзиттік әлеуетті ұлғайту және өңірлік дата-хаб құру көзделген. 3010 ауылға дейін ТОБЖ төсеу, 1120 ауылда "соңғы миль" салу, автомобиль жолдары бойында 487 АМС салу және спутниктік технологиялардың көмегімен 504 АЕМ-де қоғамдық қолжетімділік нүктелерін орнату жүзеге асырылады.
Қазақстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымын стратегиялық дамытуда жасанды интеллект (ЖИ) және қазіргі заманғы деректерді өңдеу орталықтары (ДҚО) шешуші рөл атқарады.
"ЖИ технологияларын қолдану өндірістік процестерді, денсаулық сақтау саласындағы қатерді бағалауды, төтенше жағдайларды болжауды және киберқауіпті алдын ала анықтауды қоса алғанда, күнделікті міндеттерді автоматтандыруға қабілетті. "Қазақтелеком" АҚ және "Транстелеком" АҚ сияқты ірі провайдерлер деректерді сақтау және өңдеу үшін сенімді инфрақұрылымды қамтамасыз ете отырып, деректер орталығы нарығының едәуір үлесін алады.
ЖИ интеграциясы және қазіргі заманғы ДҚО дамыту процестерді автоматтандыруды, қызмет көрсету сапасын жақсартуды және елдің цифрлық егемендігін нығайтуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға ықпал етеді", - деп ҚР ЦДИАӨМ телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков атап өтті.
"Қазақтелеком" АҚ озық технологияларды пайдалана отырып, ауылды жерлерде тіркелген сымсыз интернетті қосу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
"Біз FWA-ны ауылды жерлерде орналастыруды бастадық, алдымен Алматы облысындағы ауылдарды қостық, қазір 200-ден астам үй интернет қызметтеріне қосылды. FWA FTTH-ге қарағанда 2 есе арзан. Әрине, FWA FTTH-ді толығымен алмастырмайды, бірақ халық тығыздығы төмен аймақтарда нақты жұмыс баламасы осы. FWA НҚА-ға енгізілгенге дейін реттегіштен кемшіліктер бар. Біз бұл мәселені ҚР телекоммуникация туралы жаңа Заңын әзірлеу жөніндегі стратегиялық сессияда көтердік, бірақ әзірге шешімі жоқ. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, өйткені реттеушілік қолдаусыз оны масштабтау қиынырақ болады", - деді "Қазақтелеком" АҚ Стратегия және сыртқы активтерді басқару жөніндегі Бас директоры Нұрлан Мейірманов.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр желтоқсан айында елімізде үлкен тілдік модель - KAZ-LLM іске қосылды. Жобаны құруға серіктестердің бірі Beeline Қазақстан цифрлық операторы қатысты.
"Біздің AI-мен тарихымыз 5 жыл бұрын басталды және бүгінде ол – дамуымыздың маңызды басымдықтарының бірі. Клиент тәжірибесін жақсарту үшін біз оны өз өнімдерімізге енгіземіз. Олардың тиімділігін арттыру үшін қызметкерлерімізді дайындаймыз. Кей жағдайларда бұл көрсеткіш 25-30%-ға дейін артады. AI – аса маңызды әлеуметтік құрал. Былтыр біз қазақ тіліндегі үлкен тілдік модель KazLLM-ді әзірлеуге қатыстық. Мұндай модельдердің көпшілігі ең алдымен халықаралық тілдерге арналған. Біз үшін қазақстандықтардың жасанды интеллектпен ана тілінде өзара әрекеттесе отырып, осындай мүмкіндіктерге ие болуы маңызды. Шынында да, бүгінде интернетке қолжетімділігі бар және жасанды интеллектті меңгерген шалғайдағы ауыл тұрғыны үлкен қаладағы тәжірибелі сарапшымен тез теңесе алады",- деді "КаР-Тел" ЖШС Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.
Өз кезегінде, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС бүгінде өз пайдаланушылары үшін ЖИ-ді белсенді түрде енгізіп жатыр.
"Біз қазірдің өзінде Tele2/Altel-де AI және 5G негізіндегі технологияларды енгізіп жатырмыз. Атап айтар болсақ, нақты сұраныс негізінде желі құрылысын оңтайландыратын Smart Network; клиенттер үшін ұсыныстардың құндылығын арттыратын AI-жекелендіру; бизнес-процестерді тиімді оңтайландыру үшін геоаналитика мен болжамды модельдерді пайдаланатын B2B/B2G шешімдер және т.б. Жақын арада бізді озық цифрлық трансформацияда ЖИ және 5G болатын революция күтіп тұрғанына сенімдімін", - деді Александр Бабичев, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2/Altel мобильді операторы) Басқарма төрағасы .
"Кселл" Қазақстанда телеком-инфрақұрылымды белсенді дамытуды жалғастырып жатыр. Басқарма төрағасы Асқар Жамбақиннің айтуынша, 5G қамту картасында 21 қала бар және 1500-ден астам базалық станция жұмыс істейді. 2024 жыл компанияның “белсенді құрылыс жылы” болды және компания осы қарқынын сақтап қалуға ниетті.
"Желі құрылысының қарқыны екі есеге өсті, бұл стратегиялық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік маңызы бар объектілерді де қосуды жеделдетуге мүмкіндік берді. "Кселл" - метрода ұялы байланыс пен интернетті қамтамасыз еткен алғашқы және әзірге жалғыз оператор: тоғыз станция желіге қосылған. Сондай-ақ өнеркәсіпке алғаш 5G енгізген оператор болдық. Форумда біз жасанды интеллектпен біріккен private 5G мүмкіндіктерін ұсындық: ERG көмір бөлімінде 5G ұшқышсыз техниканы басқарады, ал жоғары деректер жылдамдығы мен минималды кідірістер негізгі өндіріс процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдерді көптеген техникалар мен объектілерге масштабтау үшін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардан бастап қалалық инфрақұрылымдық объектілерге дейінгі барлық деңгейлерде нақты уақыт режимінде тұрақты қосылуды және жоғары жылдамдықты деректерді беруді қамтамасыз етуге қабілетті 5-ші буынның мобильді желісі қажет", - деп “Кселл” АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жамбакин атап өтті.
Панельдік сессия телекоммуникацияның жасанды интеллект индустриясының негізін қалауда шешуші рөл атқаратынын көрсетті. AI-ді әр түрлі салаларға сәтті енгізу үшін 5G сияқты озық телекоммуникациялық технологияларының бұлтты және есептеу қызметтерін дамытумен үйлесуі қажет. Спикерлер атап өткендей, дәл осы синергетикалық тәсіл цифрлық трансформация мен жаһандық мәселелерді шешуге жаңа жол ашады.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі