Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Министрлік туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
20 июня 2025
Қазақстан ШЫҰ аясында цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев 17 маусымда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласында өткен, ШЫҰ мүше мемлекеттерінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы министрлер мен ведомстволар басшыларының IV кеңесіне қатысты.

Кеңеске Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Беларусь, Ресей, Пәкістан, сондай-ақ ШЫҰ бақылаушы елдері — Түркия мен Әзірбайжанның АКТ дамытуға жауапты министрлер мен ведомстволардың басшылары қатысты.

Қатысушылар АКТ саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, ШЫҰ елдерінің экономикасын цифрландырудың табысты мысалдарына тоқталды. Сондай-ақ, жиын барысында цифрлық даму мәселелері мен перспективалары,  жаңа технологияларды енгізу жоспарлары талқыланды.

Одан бөлек, «цифрлық теңсіздік» мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте мамандар цифрлық инклюзивтілік – ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев Қазақстанның ШЫҰ аясында цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге басымдық беретінін жеткізді.

«Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, «ақылды қала» технологияларын енгізу, өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті цифрландыру, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен цифрлық тәуелсіздікті қамтамасыз ету сияқты басым бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастыққа дайын», - деді вице-министр.

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ШЫҰ мүше мемлекеттерінің цифрлық трансформация саласындағы іс-қимыл жоспарын қабылдады.

Цифрландыру және АКТ дамуы аталған мемлекеттерге тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қауіпсіздікті арттыру сияқты маңызды міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыда ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық бүкіл аймақтың үйлесімді дамуы мен мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайту үшін маңызды болып отыр.

Айта кетерлігі, келесі кеңес Қырғыз Республикасының төрағалығымен 2026 жылдың маусым айында Бішкек қаласында өтеді.

17 июня 2025
Қазақстан мен Қытай техникалық-экономикалық және навигациялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы екінші Келісім және BeiDou спутниктік навигациясы саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

2025 жылдың 16 маусымында «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы екінші Келісімге қол қойылды.

Келісім 2024 жылдың 3 шілдесінде Астанада қол қойылған алғашқы құжаттың жалғасы болып табылады. Екінші Келісім шеңберінде 100 миллион юань көлемінде екінші грант беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл қаражатқа астрономия, спутниктік деректерді өңдеу және жоғары технологиялық салаларда мамандар даярлау бағытында заманауи зерттеу және білім беру инфрақұрылымын құру жоспарлануда.

Сонымен қатар, сол күні Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік даму және реформалар комитеті арасында Қытайдың BeiDou спутниктік навигациялық жүйесін қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі Меморандумға қол қойылды.

Бұл құжат спутниктік навигация және геодезия саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Ол Қазақстан аумағында BeiDou ынтымақтастық орталығын құруды, CORS-станциялар инфрақұрылымын дамытуды, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты, геодезиялық және навигациялық жабдықтарды өндіруді жергіліктендіруді, сондай-ақ мамандар даярлау мен екі елдің салалық ұйымдары арасында тәжірибе алмасуға жәрдемдесуді көздейді.

Меморандумға қол қою Қазақстанда дәл навигациялық және геодеректерді көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда қолдану мүмкіндіктерін кеңейтіп, еліміздің технологиялық дамуына және Қазақстан-Қытай серіктестігін нығайтуға ықпал етеді.

 

17 июня 2025
NITEC Fitch агенттігінен «BBB» деңгейіндегі инвестициялық кредит рейтингін алды

Халықаралық рейтинг агенттігі Fitch Ratings «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға (NITEC) шетел және ұлттық валютадағы эмитенттің ұзақмерзімді дефолт рейтингін (Issuer Default Ratings, IDR) «BBB» деңгейінде, тұрақты болжаммен берді. Бұл шешім компанияның халықаралық деңгейдегі тұрақтылығын және Қазақстан үшін стратегиялық маңызын мойындаудың маңызды көрсеткіші болды.

Fitch тұжырымына сәйкес, рейтингтер NITEC-тің ұлттық цифрлық инфрақұрылымдағы маңызды рөлін және мемлекеттік сектормен институционалдық байланысын көрсетеді. Компания мемлекет үшін технологиялық серіктес ретінде әрекет етіп, негізгі ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді.

Берілген рейтинг Қазақстан Республикасының егемендік рейтинг деңгейіне сәйкес келетіндігін атап өткен жөн. Бұл компанияға жетекші халықаралық агенттіктердің бірі тарапынан жоғары сенім білдірілгенін көрсетеді.

«BBB» деңгейіндегі инвестициялық рейтингтің және тұрақты болжамның берілуі – бұл компанияның қаржылық сенімділігінің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар халықаралық инвестициялық қауымдастыққа берілген күшті сигнал. Бұл NITEC тұрақты макроэкономикалық және басқару ортасында жұмыс істейтінін, қарызды басқару бойынша жауапты саясат жүргізетінін және ресурстарды тиімді пайдаланатынын дәлелдейді.

Бұл оқиға компания үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: серіктестер үшін ашықтық артады, қаржы институттарының сенімі нығаяды, халықаралық капитал нарығына шығу әлеуеті пайда болады. Сонымен қатар, Fitch рейтингі NITEC-тің корпоративтік басқару және институционалдық даму деңгейінің жоғары екенін айғақтайды.

Құрылған сәтінен бастап NITEC цифрлық мемлекеттің архитектурасын жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Компания негізгі мемлекеттік IT-қызметтерді дамытып, сүйемелдеп, елдің цифрлық платформасының технологиялық сенімділігін, ауқымдылығын және тұрақтылығын қамтамасыз етуде.

Рейтинг туралы толық ақпарат Қазақстан қор биржасының ресми сайтында және Fitch мақаласында қолжетімді.

17 июня 2025
Ақпараттық хабарлама

Әлеуметтік желілерде азаматтардың жеке деректері тарады деген ақпаратқа байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізуде.

Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижесінде бұзылуы тіркелген жоқ.

Тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау немесе ақпараттың шынайылығын растау ерте.

Егер азаматтың дербес деректері тараған мәліметтер арасында болса, ол туралы электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады.

Еске сала кетейік, бұған дейінгі осындай жағдайларда жарияланған деректер ескі ақпараттық базалардан – негізінен қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйымдарынан алынған ескі мәліметтер болған.

Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланады.

15 июня 2025
Мемлекеттік қызметшілер citizensec.kz платформасында киберсауаттылық бойынша оқудан өтеді

Маусым айының соңына дейін ҚР орталық мемлекеттік органдарының қызметкерлері citizensec.kz порталында арнайы онлайн-оқудан өтіп, цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттырады.

Бұл білім беру бастамасы кибергигиена мәдениетін нығайтуға және ірі деректермен жұмыс істеу барысында адами факторға байланысты қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған.

Бағдарлама шамамен 7 сағаттық бейнесабақтарды қамтиды. Онда жеке деректерді қорғау, фишингтік шабуылдарды тану, цифрлық этика, сенімді құпиясөздермен жұмыс істеу және басқа да маңызды тақырыптар қарастырылған. Курстар жеке өтуге ыңғайлы форматта ұсынылған, ал материалдар сала мамандарымен қатар мемлекеттік органдардың басшыларына да бейімделген. Оларға ұйымдарда ақпараттық қауіпсіздік жүйесін құру бойынша арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленген.

«Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығы — бұл тек қауіпсіздік негіздерін білу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік IT-инфрақұрылымның сенімділігінің іргетасы. Біз цифрлық ортада саналы әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға ұмтыламыз», — деді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өкілі.

Оқу мыңдаған қызметкерлерді қамтиды, олардың қатарында аса маңызды мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және азаматтардың жеке деректерімен жұмыс істейтін мамандар да бар. Бұл бастама киберқауіптерге қарсы тұрақты алдын алу жұмыстары аясында іске асырылуда. Оның аясында онлайн-курстармен қатар офлайн-семинарлар, тренингтер және ақпараттық-түсіндіру шаралары өтеді.

Халықаралық зерттеулер деректеріне сәйкес, киберкеңістіктегі оқиғалардың 80%-ға жуығы адами қателіктерден туындайтыны анықталған. Пайдаланушылардың хабардар болу деңгейін арттыру — цифрлық жүйелерді қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.

Citizensec.kz платформасы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген және ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау бойынша заманауи әдістемелерге сай келеді.

Киберсауаттылықты арттыру — қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Пайдаланушылардың саналы әрекет деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекеттік цифрлық сервистер соғұрлым сенімді және тұрақты жұмыс істейді. Ал бұл сервистерге күн сайын миллиондаған қазақстандық тәуелді екенін атап өткен жөн.

14 июня 2025
Таяу Шығысқа жаңа жол: Дубайдағы Digital Startups Scale Up бағдарламасына қатысуға өтініш беру басталды

Tumar Innovation Hub DIFC-пен бірлесе отырып, Astana Hub пен IT Park Uzbekistan қолдауымен Орталық Азия фаундерлеріне ерекше мүмкіндік берілді. Биыл күзде БАӘ-де Қазақстан мен Өзбекстан стартаптарына арналған алғашқы акселерациялық бағдарлама өтеді. Бағдарлама стартаптарға өз қызметін жергілікті нарыққа бейімдеуге, ауқымын кеңейтуге және MENA аймағындағы мүмкіндіктерге жол ашуға көмектеседі.

Бағдарлама 2025 жылдың қыркүйек айының ортасынан қарашаның ортасына дейін жалғасады. Өтінім беру басталды.

Өтінім беру сілтемесі: https://tumarhub.com/acceleration1
            Дедлайн: 20 маусым

Digital Startups Scale Up Program — Central Asian Innovation Hub-тың жаңа бастамасы, ол өңірдегі үздік стартаптарды жаһандық нарыққа ілгерілетуге бағытталған. БАӘ — Қазақстан мен Өзбекстанның Парсы шығанағы өңіріндегі негізгі саяси және экономикалық серіктесі. Сонымен қатар, соңғы жылдары Дубай әлемдегі үздік технологиялық компаниялардың орталығына айналды. Digital Startups Scale Up бағдарламасы IT-технологиялар экспортын алдағы жылдары 1 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру мақсатын көздейді.

Акселерациялық бағдарлама алдын ала және соңғы іріктеу кезеңінен, дайындық, бағдарлама, Demo Day-ден және пост-бағдарламалық қолдаудан тұрады. Қатысу үшін стартаптар келесі талаптарға сай болуы керек:

  • Өз елінің ішінде тұрақты даму көрсеткіштері
  • Компанияның қызметін, командасын және өнімін БАӘ, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка нарығына бейімдеуге дайын болу
  • БАӘ-ге шығу стратегиясы мен негіздемесі бар питч-дек
  • Бағдарламаның барлық 8 аптасында стартап иесі немесе серіктестің БАӘ-ге көшу мүмкіндігі

 БАӘ-де компания тіркелгеннен кейін таңдалған стартаптар DIFC Innovation Hub сарапшылары дайындаған 8 апталық акселерациялық бағдарламаға қатысады.

 Бағдарламаның негізгі құрамдас бөліктері:

  • Кураторлық менторлық және оқыту сессиялары
  • Бизнес дамуына қолдау, соның ішінде әлеуетті клиенттермен, инвесторлармен және корпоративтік серіктестермен танысу
  • БАӘ нарығына шығуға сараптамалық және нормативтік жетекшілік
  • Өнім мен нарыққа шығу стратегиясын локализациялауға қолдау
  • DIFC Innovation Hub негізіндегі коворкинг кеңістігіне қол жеткізу

Қараша айының соңында өтетін Demo Day аясында стартаптар соңғы питч жасап, бағдарламаның үздік түлектері таңдалады. Үздік стартаптар инвестиция алып, серіктестер тарапынан одан әрі қолдау таба алады. Сонымен қатар, барлық қатысушылар БАӘ-дегі Tumar Innovation Hub-та бір жылдық тегін резиденцияға ие болады.

Сәуір айында Dubai AI Week аясында Astana Hub, IT Park Uzbekistan, DIFC Innovation Hub және Al-Farabi Innovation Hub өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Осы меморандум аясында Дубайда Tumar Innovation Hub іске қосылады, ол алғашқы акселерациялық бағдарламасын 2025 жылдың күзінде іске қосады. Бұл бастамалар Қазақстан мен Өзбекстаннан келген стартаптарға MENA нарығына шығуға: капитал, жұмыс орындарына және менторлар желісіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Tumar Innovation Hub-ты Аслан Сұлтанов және MENA-дағы екі инновациялық хаб пен Tumar VC-ді басқаратын White Hill Capital басқарады.

 Салтанатты рәсімге DIFC губернаторы Эсса Казим және Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев қатысты.

 

13 июня 2025
Мемлекеттік радиожиілік қызметі өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады

2025 жылдың 12 маусымында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің "Мемлекеттік радиожиілік қызметі" мекемесінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде семинар өтті.

Іс-шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің превенция қызметінің өкілдері, сондай-ақ МРҚ басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Кездесу аясында Агенттік өкілі Асан Айдарханов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері, алдын алудың негізгі құралдары туралы баяндап, заңнамада көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді еске салды.

Сонымен қатар жиында сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу, мүдделер қақтығысын реттеу, пара беру уәдесі мен ұсынысын криминализациялау, қолданыстағы заңнамалық бастамаларды түсіндіруге баса назар аударылды. Одан бөлек ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды қолға алмауға қатысты жауапкершілік шаралары талқыланды.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп, мұндай іс-шараларды тұрақты өткізу идеясына қолдау білдірді. Талқылау сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі аспектілерін түсінуге ықпал етті. Сондай-ақ ол квазимемлекеттік секторда жемқорлыққа қарсы тұрақты тәжірибені қалыптастыруда жүйелі тәсілдің маңыздылығын көрсетті.

12 июня 2025
Starlink Қазақстанға ресми түрде келуде: спутниктік интернетті іске қосу туралы келісімге қол қойылды

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы (SpaceX-тің еншілес құрылымы) спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойды. Құжат компанияның еліміздің ақпараттық қауіпсіздік және байланыс саласындағы заңнамасын толық сақтай отырып жұмыс істеуін көздейді.

Құжат Қазақстан халқы үшін Starlink спутниктік терминалдарын ресми түрде сатуды іске қосуды көздейді – сатылымдар 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру – елдің шалғай өңірлерін жоғары жылдамдықтағы спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ. Бұл цифрлық байланыс мүмкіндіктерін кеңейтіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға тың серпін береді.

Жоғары жылдамдықты интернетке Starlink арқылы қосылу ауылдық мектептер, медициналық мекемелер, мобильді топтар мен инфрақұрылым нысандарына сапалы байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе талшықты-оптикалық желілерді экономикалық немесе техникалық тұрғыдан тартуға қиындық тудыратын өңірлерде өзекті болып отыр.

«Қазақстан — аумағы кең, халқы әр өңірге шашыраңқы орналасқан ел. Барлық тұрғындарды сапалы интернетпен қамту үшін біз талшықты-оптикалық байланыс желілерінен ұялы байланыс мұнараларына дейінгі түрлі тәсілдерді қолданамыз. Алайда жайылымдар, таулы ауылдар мен шалғайдағы кәсіпорындар сияқты қолжетімділігі күрделі аймақтар да бар. Ондағы тұрғындар да сапалы интернетке қол жеткізуі тиіс. Қазіргі таңда әлемде бұған мүмкіндік беретін технологиялар бар. Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді біз келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Биыл қажетті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады», — деді министр Жаслан Мадиев.

Starlink жабдықтарын заңдастыру мен ресми қолдану мәртебесінің ерекше маңызы бар: енді азаматтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, пайдаланып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркей алады.

Starlink спутниктік интернетіне қосылу арнайы пайдаланушы құрылғылары арқылы іске асады. Қазіргі уақытта жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібін қоса алғанда, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу жұмыстары жүргізілуде.

Жобаны іске асырудың барлық кезеңдері ұлттық заңнама талаптарын, соның ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.

Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының мақсаттарына сәйкес қолға алынуда.

 

10 июня 2025
Цифрлық даму министрлігі мен Meta интернеттегі балалар қауіпсіздігі мен ЖИ саласындағы жаңа мүмкіндіктерді талқылады

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Meta компаниясының вице-президенті доктор Саймон Милнермен кездесу өткізді. Кездесу барысында жасанды интеллектіні дамыту, кадрларды даярлау, киберқауіпсіздік мәселелері және балаларды қорғау  цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы талқыланды.

Meta бастамасы аясында Maqsut Narikbayev University қабырғасында мемлекеттік органдар, академиялық қауымдастық, қоғамдық ұйымдар және жастар өкілдерінің қатысуымен сала үшін маңызды іс-шара өтті. Онда кибербуллингтің алдын алу шаралары, зиянды контентке қолжетімділікті шектеу, сондай-ақ жасөспірімдердің құқықтары мен жеке шекараларын құрметтейтін онлайн-бақылау тетіктерін дамыту мәселелері қарастырылды.

Meta компаниясы 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларға арналған жаңа Instagram функциясы — «Жасөспірімдерге арналған аккаунттарды» таныстырды. Бұл функция аясында ата-аналар жасөспірім аккаунтына қол жеткізе алатын адамдар аясын шектей алады; сезімтал контентті сүзгілеу мүмкіндігі бар; пікірлер мен хабарламаларда қорлайтын сөздерді автоматты түрде бұғаттау жүзеге асырылады; жарияланымдарды бейтаныс қолданушылардан жасыруға, түнгі уақытта хабарламалар туралы ескертулерді өшіруге және пайдалану уақытын шектеуге болады.

Бұл функция халықаралық зерттеулер мен ата-аналардың сараптамалық ұсыныстары негізінде әзірленген. Жақын арада бұл мүмкіндік Қазақстандағы пайдаланушылар үшін қолжетімді болады деп күтілуде.

Министр Жаслан Мәдиев ведомство азаматтардың, әсіресе балалардың мүддесіне қызмет ететін қауіпсіз әрі этикалық цифрлық ортаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

 

ҚР ЦДИАӨМ Баспасөз қызметі

 

09 июня 2025
Қазақстанның 3000-нан астам ауылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ 3000-нан астам ауылды интернетке қосу туралы инвестициялық келісім жасасты.

Қол қойылған мәміленің арқасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасын іске асыру жоспардан бір жыл ерте – 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандардағы байланыс 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік байланыс арналарымен қамтамасыз етілмек.

Осылайша, жоба 2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Енді таяу арада мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, бюджеттік ұйымдар, сондай-ақ қоғамдық кіру нүктелері мен мемлекеттік шекаралардағы 40-тан астам өткізу бекеттері желіге қол жеткізе алады. Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық (88%) және жерсеріктік арналар (12%) арқылы желіге қосады.

Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 239 млрд теңгеден асады –бюджеттен тыс қаражат. Бұл «Қазақтелеком» АҚ ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымын пайдаланудың арқасында мүмкін болды.

 Сондай-ақ, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

«Біз өңірлерді дамытуға тең жағдай жасайтын цифрлық іргетас қалап жатырмыз. Міндетіміз – ауылдарды интернетке қосумен қатар, елді мекендерді елдің цифрлық экожүйесіне енгізу. Бұл білім алу, медицина, мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қолжеткізудің негізі. Инфрақұрылым тұрақты және ашық түрде жұмыс істегенде, шағын бизнес, ауыл мектептері мен жастарға арналған жаңа кәсіптік бағыттарды дамытуға жол ашады», - деді Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

  «Ең бастысы – білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияларды пайдалануда  ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндіктері тең дәрежеде болуы тиіс. Біз цифрлық теңсіздікті жоюды еліміздің түкпір-түкпірінен, шалғай жатқан ауылдардан бастадық. Интернетке қол жеткізу – көптен бері сән болудан қалды, бұл халықаралық деңгейде, оның ішінде БҰҰ мен еліміздің Президенті мәлімдегендей, негізгі қажеттілік», – Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы.

Өз елді мекеніңіздің интернетке қосылу техникалық мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline   сайтынан тексеруге болады.

Социальные сети
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы