Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Мәдениет күндері

Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Мәдениет күндері

2023 жылғы 20-23 маусым аралығында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Мәдениет күндері өтеді.

20-23 маусым аралығында Ташкент қаласының Әлішер Науаи атындағы Кино үйінде Мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қазақстандық кино күндері өткізіледі.

20 маусымда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өндірістік-техникалық базасында мемлекеттік тапсырма шеңберінде қалпына келтірілген «Сұлтан Бейбарыс» (қоюшы-режиссер - Болат Мансұров) толықметражды көркем фильм көрсетіледі.

Сонымен қатар, Қазақстандық кино күндері аясында  көрермендерге «Мұқағали» (режиссер Болат Қалымбетов), «Дос-Мұқасан» (режиссер Айдын Сахаман), «Паралимпиадашы» (режиссер Алдияр Байрақымов), «Алға» (режиссер Ернар Нұрғалиев), «1941 жылдың жазы» (режиссер Бекболат Шекеров) сынды қазақстандық фильмдер ұсынылады. Ал балалар үшін «Кіші қыз», «Бесік жыры», «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» атты анимациялық фильмдер көрсетіледі.

20 маусымда Ташкент қаласынның «Түркистон» өнер сарайында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының Гала- концерті өтеді. Оған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Әлішер Каримов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рухия Байдүкенова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары: Дінисламбек Жайлаубай, Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдухалық, GULDER ансамблі және TURAN этно-фольклорлық ансамблі және Дулат Тоқанов қатысады.

21 маусымда TURAN этно-фольклорлық ансамблі Өзбекстан Ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері Әлібек Қабдурахмановтың басшылығымен Өзбекстан симфониялық оркестрімен бірлесіп өнер көрсетеді. Айта кетейік, симфониялық оркестр мен ежелгі қазақ музыкалық аспаптарын біріктірген TURAN этно-фольклорлық ансамблінің Folk & Symphony бірегей авторлық жобасы алғаш рет Ташкент көрермендеріне ұсынылады.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының шығармашылық ұжымдары мен солистерінің концерттері 22 маусымда Самарқанд қаласының «Нурафшон» мәдениет сарайында, ал 23 маусымда Бұхара қаласындағы Жастар орталығының концерт залында жалғастырады.

23 маусымда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық үлкен театрының атақты сахнасында «Абай» операсын көрермен назарына ұсынады.