Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылуы және Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндері: Асхат Оралов Каирге жұмыс сапарымен келді

Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылуы және Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндері: Асхат Оралов Каирге жұмыс сапарымен келді

Қазақстандық делегация Мысырға Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылу салтанатына қатысуға және Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндеріне орай іс-шаралар өткізу үшін келді.

Делегация құрамында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі және еліміздің басқа да саяси және қоғам қайраткерлері бар. Сондай-ақ, Каирге қазақстандық театр актерлері, музыканттар мен ғалымдар келді.

Қабылдаушы тараптан Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек, әл-Азхар бас имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, министрлер мен Каир қаласы әкімшілігінің өкілдері қатысты.
Айта кетейік, мешітті қалпына келтіру жұмыстары Қазақстан Республикасының белсенді қатысуымен іске асты.

«Бүгін Қазақстан мен Мысыр үшін өте маңызды күн. Біз Каирдің көрікті жерлерінің бірін қайта ашып қана қоймай, екі мемлекет арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайтамыз. Бейбарыс сұлтан-біздің елдеріміздің тарихындағы маңызды тұлға, сондықтан Мысыр тарапына баршамыз үшін маңызды мәдени мұраны сақтау мәселесіндегі серіктестігі үшін алғыс айтқым келеді», — деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Сондай-ақ, қазақ және араб тілдерінде мемориалдық тақталардың ашылуы өтті, одан кейін қонақтар мешітке барып, нысанды аралады.

«Іс-шара Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын мерекелеу бағдарламасына кіреді. Барлығы 300-ден астам іс-шара жоспарланған. Бұл ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, спектакльдер және тағы басқалар. Мысалы, ақпан айында Астана көшелерінің біріне тарихи тұлғаның есімі берілді, ал Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мамыр айының ортасында Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры Астанада «Бейбарыс» қойылымын ұсынды», – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Әрі қарай Каир опера театрында Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндеріне арналған гала-концерт өтті. Сахнада еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, танымал аспаптық және би ансамбльдері өнер көрсетті. Олардың қатарында: Алмасбек Алматы, Батыржан Мықтыбаев, Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Астана Опера», «Алашұлы» және «Сұлу» топтарының солистері бар. Әртістер эстрадалық және халық шығармаларын орындады.

Содан кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың Мысыр Мәдениет министрі Невин Әл-Киланимен ресми екіжақты кездесуі өтті.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы мәдениет, спорт және туризм салаларында белсенді ынтымақтастық орнатты. Мысалы, екіжақты үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Бүгінгі таңда комиссияның бес отырысы өтті. Алтыншы отысы осы жылға жоспарланып отыр.

Бұған дейін Каирде Абай ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын. 2021 жылы тараптар ежелгі ескерткіштерді қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық туралы келісті. Оның ішінде - Жаркент қаласындағы бірегей мешіт те бар.

Биыл Мысыр тарапы ҚР Ұлттық музейінде мамлюк кезеңіндегі ислам мәдениетінің көрмесін өткізуге ниетті.

Өткен жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанның 7 қаласы мен Шарм Эш-Шейх және Хургада курорттары арасында әуе қатынасы қайта жанданды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Мысыр арасында аптасына 21 рейс жүзеге асырылады. 2023 жылғы 11 наурызда Мысырдың Аir Cairo әуе компаниясы Шарм Аш-Шейхтен Астана мен Алматыға алғашқы рейстерді іске қосты.

Қазіргі уақытта қос мемлекет арасында өзара визасыз режимді енгізу мәселесі пысықталып жатыр.