Алматыда рапид және блиц шахматтан әлем чемпионаты басталды

Алматыда рапид және блиц шахматтан әлем чемпионаты басталды

Алматыға әлемнің 50 елінен 300-ге жуық шахматшы, халықаралық төрешілер мен ФИДЕ өкілдері келді, онда осы күндері рапид және блиц шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Турнир 30 желтоқсанға дейін жалғасады, оның жүлде қоры 1 миллион долларды құрайды.

Чемпионаттың ресми ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев және басқалар қатысты.

Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау сөзін оқыды.

«Қазақстанда осы турнирді өткізуге септігін тигізгені үшін Халықаралық шахмат федерациясының басшылығына ризашылығымды білдіремін. Мұндай беделді жарыстар елімізде шахматтың танымалдылығын арттыруға тың серпін берері сөзсіз. Бүгінде қазақстандық шахматшылар балалар арасындағы және ересектер арасындағы Азия және әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың жетістігі өскелең ұрпақты интеллектуалды спорт түрлерімен шұғылдануға, алдына зор мақсаттар қойып, оған қол жеткізуге  жігерлендіреді.
Біз Қазақстанда шахматты жүйелі түрде дамытуды жалғастырамыз және Халықаралық шахмат федерациясымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл біздің адам әлеуетін арттыру және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетімізге толық сай келеді. Турнир қатысушыларына жарыстан ұмытылмас әсер алып, жарқын жеңістерге жетуді тілеймін»,
–  деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Айта кетейік, Әлем чемпионы Магнус Карлсен, Әлем вице-чемпионы Фабиано Каруана, Фишер шахматтан әлем чемпионы Хикару Накамура, әлем вице-чемпионы Ян Непомнящий және басқа да көптеген танымал шахматшылар чемпион атағына күреседі.

Қазақстан намысын Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева қорғайды.

Турнир  Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында (Абай даңғылы, 44) өтеді. Қосымша ақпарат: https://kazchess.kz/kz/