Дәурен Абаев қазақстандық мультипликаторлармен кездесті

Дәурен Абаев қазақстандық мультипликаторлармен кездесті

Жас суретші-мультипликаторлар, аниматорлар және анимациялық кино саласындағы мамандар нарықты отандық мультфильмдерге толықтыруға әрі халықаралық прокатқа шығуға ниетті. Мемлекет индустрия мамандарына белсенді қолдау көрсете бастады. Жыл соңына дейін кішкентай көрермендерге бірнеше заманауи мультфильмдер ұсынылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қазақстандық мультипликаторлармен кездесуі барысында белгілі болды.

«Қазақстандық анимация ренессансты бастан кешуде. Біз креативті шешімдерді ұсына білетін, заманауи, қызықты өнім жасайтын талантты жастарға қолдау көрсетеміз. Жуырда біз жаңа жобаларға серпін беріп, жас мультипликаторлардың біліктілігін арттыру мақсатында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құрдық. Біз бірнеше байқау жарияладық, қазірдің өзінде тырнақалды нәтижелерді көріп отырмыз. Біздің басты талабымыз - балалар үшін сапалы, қызықты, лайықты мультфильмдерді шығару», - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Кездесу барысында министр мультипликаторлардың сұрақтарына жауап беріп, халықаралық прокатқа шығатын «Ашина. Көкбөрілер туралы аңыз» толықметражды мультфильмін жасау жұмыстарымен танысты. Оның шығуы 2024 жылдың басына жоспарланған, анимациялық фильмнің жалпы бюджеті 350 миллион теңгені құрайды.

«Бір ғана анимациялық фильмді жарыққа шығару үшін 50-ге жуық маман еңбек етіп жатыр. Бұл картина бірнеше кезеңнен тұратын үлкен еңбекті, уақытты қажет етеді. Әрине, ең алдымен, сарапшы, тарихшылармен көптеген кездесулер өткізіп, сценарий жаздық. Кейін кейіпкерлердің суретін салып, 3D модельдеу, текстуралық 3D форматында жұмыс істедік. Суретшілердің еңбегінен кейін аниматорлар мен визуализаторлар визуалды эффектілерді қосып жатыр. Біз ішінара монтаждау жұмыстарына кірісіп кеттік, жұмыс қарқынды жүруде. Жобаның басы-қасында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері жүр, осы мультфильмді жасап жатқан да солар, мұны қуана атап өткім келеді», - деді студия директоры Ділшат Рахматуллин.