Қазақстанда дзюдодан Азия чемпионаты басталды

Қазақстанда дзюдодан Азия чемпионаты басталды

Дзюдодан Азия чемпионатының алғашқы жеңімпаздары белгілі болды. Әбиба Әбужақынова күміс, Мағжан Шамшадин мен Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанды. Олардың қарсыластары Жапония мен Моңғолия спортшылары.

Айта кетейік, бүгін елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты басталды. Құрлық біріншілігінде төрт күн бойы татами шеберлері жеке және аралас-командалық жарыстарда мықтыларды анықтайды. Турнирге Азияның 19 елінен 200-ге жуық дзюдошы қатысады.

Жарыстың ашылу салтанатына Халықаралық дзюдо федерациясының вице-президенті Абид Әл Анзи қатысты. ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Халықаралық дзюдо федерациясының вице-президенті Абид Әл Анзимен кездесіп, Қазақстанда дзюдо спортының мәселелері мен даму келешегін талқылады.

Сондай-ақ, чемпионаттың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спорт түрінің қазақстандық жастар арасында өте танымал екеніне тоқталды.

«Бұл күндері Қазақстан елордасы құрлықтың ең мықты дзюдошыларын жинады, олар табанды ойын үлгісін көрсетіп, жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл сыйлайды деп күтеміз. Құрлық турнирі осы күндері дзюдоның жауынгерлік өнер ретінде елімізде белсенді дамып келе жатқандығының айқын дәлелі. Қазақстандық мыңдаған жас спорттың осы түрінің әдіс-тәсілдерін игеруде.  Және де дзюдо Қазақстанда салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қосатынына сенімдімін», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Еске сала кетейік, дзюдодан еліміздің ерлер құрамасы келесідей: Мағжан Шамшадин (60 кг), Бауыржан Нарбаев (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Ерлан Серікжанов (73 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Дидар Хамза (90 кг), Нұрлыхан Шархан (-100 кг), Ислам Бозбаев (-100 кг), Әділ Оразбаев (+100 кг).

Қазақстан әйелдер құрамасы: Әбиба Әбужақынова (48 кг), Ғалия Тынбаева (48 кг), Гаухар Ирмағамбетова (52 кг), Севара Нишанбаева (57 кг), Мөлдір Нарынова (63 кг), Анастасия Маякова (70 кг), Аруна Жангелдина (-78 кг), Камила Берликаш (+78 кг), Назгүл Маратова (+78 кг).

Азия чемпионатына қатысушылар арасында олимпиада чемпиондары, жүлдегерлер мен Әлем чемпиондары да өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Токио-2020 Олимпиадасының чемпиондары Аарон Уольф пен Соня Акира, 2020 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Ян Юнвэй және қола жүлдегері Ценд-очир Цогтбаатар, Әлем чемпиондары Умеки Мами мен Кагеура Кокоро, Әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегерлері Риужу Нагаяама мен Ким Вон Жин.

Ал IJF ережесі бойынша Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне олимпиадалық рейтингте ұпайлар қосылады: жеңімпаз 700 ұпай, 2 орын – 490 ұпай және 3 орын – 350 ұпай алады.

Дзюдодан Азия чемпионаты Qazsport телеарнасында көрсетіледі. Сондай-ақ, толығырақ ақпаратты http://fdk.kz/ федерация сайтынан алуға болады.