Дәурен Абаев: СҚО-дағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы экологиялық туризмді дамыту нүктесіне айналады

Дәурен Абаев: СҚО-дағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы экологиялық туризмді дамыту нүктесіне айналады

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Солтүстік Қазақстан облысының Имантау-Шалқар курорттық аймағында жаңа туристік маусымның ашылуы аясында турбизнес, әкімдік және экология министрлігі өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар саланы дамытуға арналған перспективалық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

«Қазақстанның әр өңірінде болашақта экологиялық және танымдық туризм орталықтары бола алатын ерекше орындар бар. Соның бірі-еліміздің солтүстігінде - «Көкшетау» ұлттық паркі аумағында орналасқан Имантау-Шалқар курортты аймағы, ол туристік ағындардың 5 есе өсу әлеуетіне ие яғни жылына 280 мың туристке дейін қабылдай алады», – деп атап өтті министр Дәурен Абаев.

Өз кезегінде турбизнес өкілдері Шалқар көлінің бойындағы жолды жөндеуге және инженерлік инфрақұрылым құрылысына рұқсат беруді сұрайды. Курорттық аймақ «Көкшетау» ұлттық паркінің аумағында орналасқан және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағында.

«Көл аумағын сапалы дамыту үшін әкімдікпен бірлесіп туристік инфрақұрылымды жабдықтауға мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Бұл жұмыс басталып та кетті», - деді ҚР ЭГТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев.

Министр сондай-ақ Шалқар және Имантау көлдерінің бойындағы туристік базаларды аралап, ашық аспан астындағы мұражай құрылысының жобасымен танысты, «Шалқар Су» санаторийінің қалпына келтірілу жұмыстарының барысын көрді.