«Рухани қазына-2022» фестиваль – конкурсы басталды

«Рухани қазына-2022» фестиваль – конкурсы басталды

Бүгін Түркістанда Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық "Рухани қазына – 2022" байқауы басталды.

Бесінші рет ұйымдастырылған байқауға мемлекеттік музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері, ауылдық клубтар мен жекелеген мәдени ұйымдар қатысып жатыр.

Фестивальдың ресми ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты "Қазақ әуендері" акционерлік қоғамының президенті Ғалымжан Өтелбайұлы мен Түркістан облысының Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұл іс-шара дәстүрлі түрде жылда өткізіліп келеді. Осы айтулы іс-шараны өткізудегі басты мақсат - мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін қолдау.
Биылғы "Рухани қазына - 2022" байқауының екі ерекшелігі бар: бірінші, жеке меншік мәдени ұйымдар мен мекемелердің де қатысуы. Ал екіншісі, фестивальды өткізу орынын анықтау үшін телеграм каналда дауысқа салған едік. Нәтижесінде басым дауыспен киелі қаламыз Түркістан қаласы таңдалды. Осы таңдаудың барысында әр өңірдің белсенділігін де көре білдік, - деді Ғалымжан Өтелбайұлы.

Өңірлердегі іріктеу кезеңі 30 сәуірге дейін өтіп, үздік шыққандар республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Ал республикалық байқау мамыр айының 21-не дейін жалғасады.

Қазылар алқасының мүшелері екі күн бойы (17-18 мамыр) қатысушылардың еңбектерін бағалайды. Кітапхана саласы бойынша Farab кітапханасында, музей саласы бойынша "Ұлы Дала Елі" орталығында, мәдени-демалыс қызметі саласы бойынша Халықаралық туризм және меймандостық университетінде мәдениет ұйымдарының үздіктерін анықтау өтеді.

Айта кетейік, республикалық кезеңге қатысу үшін еліміздің 17 өңірінен 285 өтінім келіп түсті. Соның ішінде кітапхана саласы бойынша – 125 өтінім, музей ісі бойынша – 73 өтінім, мәдени-демалыс қызметі саласы бойынша - 87 өтінім.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 мамырда Farab кітапханасында өтеді.