Ыстық жүрек сазы

Ыстық жүрек сазы

Қазақтың көрнекті  классик композиторы, КСРО Халық артисі Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына арналған «Жыр жазамын жүрегімнен...» атты концертті «Астана Опера» театры 26 мамырда К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сахнасында тыңдармандарға ұсынады. Мерейтойлық кеш «Астана Опера» мен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының бірлескен шығармашылық жобасы.

– Ғазиза Ахметқызы Жұбанова – біртуар композитор, ұстаз, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстан композиторлар мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Оның заманауи қазақ мәдениетіне қосқан үлесі өлшеусіз. Ғ.Жұбанованың опера, балет, симфония, концерт, оратория, кантата, камералық туындылар, ән және хор шығармалары, спектакльдер мен кинофильмдерге арналған музыка, халық әндерінің өңдеулері енген көп қырлы шығармашылық мұрасы ұлттық өнерді әлемдік деңгейге алып шықты. Бұл кеште Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың шығармаларын Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының және «Астана Опера» театрының вокалистері, сондай-ақ ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары орындайды, – деп атап өтті опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Отандық классик композитор, музыкатанушы, дирижер, Қазақ КСР Халық артисі, академик, профессор Ахмет Қуанұлы Жұбанов негізін қалаған Жұбановтар музыкалық әулетінің шығармашылық қыры ұрпақтан ұрпаққа қан арқылы беріліп отырған. Өнерді өміріне серік еткендердің қатарында Қазақстанның көптеген көрнекті өнер қайраткерлері бар. Олардың бірі – Ахмет Жұбановтың шөбересі әрі Ғазиза Жұбанованың немере інісі, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты маэстро Алан Бөрібаев.

К.Байсейітова атындағы Камералық залдың мамырдағы бағдарламасына вокалдық және аспаптық музыканың өзге де қызықты кештері енді. Сонымен, республикамызда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал болып үлгерген қазақстандық жас артистер 3 мамырда көрнекті бельгиялық скрипкашы, композитор әрі дирижер Эжен-Огюст Изаидың шығармашылығына арналған «Эжен Изаидың жұлдызы» концертінде өнер көрсетеді. Э.Изаидың Анданте, Amitie («Достық») екі скрипкаға арналған №6 поэма, Dans le Lointain («Естелік би») скрипка мен фортепианоға арналған №1 мазурка, сондай-ақ Соло скрипкаға арналған алты соната секілді әрқайсы сол кезеңнің әйгілі бір скрипкашысына арналған туындылары шырқалады. К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сахнасына республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары – П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты Ақбике Алғи, Мәдина Бекмәдиева, Мәдина Капеу, ХХ Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлде әрі Қазақстан Республикасы Президенті Кубогының иегері Жібек Мұсырғалиева, Индира Нұрлыбай, Гүлдана Оразаева, Байдәулет Сүндетқали, Гаухар Өмірбекова шығады. Концертмейстерлер – Малика Аймақова, Сергей Васильев, Мәдина Такаева. Музыкалық жетекші әрі модератор – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Раиса Мұсақожаева.

4 мамырда «Италиялық параллель» камералық музыка концертінде елорда тұрғындары мен қонақтарын әлемде сұранысқа ие инструменталист, Ла Скала театрының бірінші скрипкасы Лаура Марцадоридің жұлдызды орындауында А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» атақты топтамасы күтеді. «Астана Опера» оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен барокко және классицизм дәуірлерінің шығармаларын ұсынады.

9 мамырда опера сахнасының танымал әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Бибігүл Жанұзақ, Жамиля Джаркимбаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары Әсем Сембина, Назым Сағынтай және тағы басқалары Жеңіс күніне арналған «Естелік әрі даңқты әндер» салтанатты концертін ұсынады. Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне қойылатын концертте соғыс жылдарындағы көпшілік ұнататын әндер мен әуендер, сондай-ақ соғыс жүріп жатқан кезеңде қазақстандық композиторлар шығарған аспаптық туындылар шырқалады. Фортепиано партиясында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова.

С.Бәйтереков, А.Тоқсанбаев пен А.Жайым секілді заманауи авторлардың фортепианолық триосы «Дала нақыштары» жарқын концерттік бағдарламасын 13 мамырда көпшілік көрерменге халықаралық байқаулардың лауреаттары скрипкашы Әнел Шәкірова, виолончелист Курванжан Ахатов пен пианист Бекзат Ахмеров ұсынады.

Ұлы классик В.А.Моцарттың скрипка пен фортепианоға арналған сонатасы «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен пианист Салтанат Әбілханованың орындауында шырқалады. «Мәңгі өшпес Амадеус» топтамасынан «Шамшырақ жарығында орындалған музыка» екінші концерті 18 мамырда өтеді.

«Шалқар шабыт» атауымен опера жауһарларының кеші 22 мамырда болады. Хор бөлімінде кәсіби білім алып қана қоймай, «Вокалдық өнер» кафедрасын да тамамдаған «Астана Опера» керемет хорының артистері солист ретінде өнер көрсетеді. Концерт аясында дарынды орындаушылар батыс еуропалық композиторлардың операларынан атақты дуэттер мен ариялардың өз интерпретацияларымен К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сахнасына шығады.

Мамырға арналған балалар репертуарында келесідей концерттер ұсынылған: 22 мамырда «Театрға саяхат» топтамасынан «Ішекті аспаптар отбасы» және 15 мамырда К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фантазиясының қайырымдылық орындауы. Дирижер тұғырында – Руслан Баймурзин.