Семейде Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті

Семейде Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті

Бүгін Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Әуезов әлемі» атты салтанатты кеш өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Дәурен Абаев құттықтау сөзінде Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезов сияқты ұлы ақындар мен жазушылардың қасиетті Семей жерінде дүниеге келгенін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі іс-шараны Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын мерекелеудің бастамасы деп санауға болады. Мерейтой аясында төрт бағыт бойынша барлығы 82 іс-шара өткізіледі. Олар ұлы жазушының мәдени мұрасын сақтауға және оны халық арасында насихаттауға бағытталған», - деді министр.

Қазіргі уақытта М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйінің ғимаратында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында жазушының бюстін орнатуға дайындық жүріп жатыр. Оқушылар үшін «әуезовтану» видеолекцияларының циклі әзірленеді, әдеби подкасттар жасалады, Халықаралық театр фестивалін өткізу жоспарлануда, «Ақан-Зайра» трагедиясының театрландырылған қойылымы премьераға дайындалып жатыр. Шетелдік мұрағаттарда жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты құжаттар зерттеліп, көпшілікке ұсынылады.

«Әуезов әлемі-өткені мен болашағын, тарихын қазіргі заманмен байланыстыратын алтын көпір. Әуезовтің арқасында әлем тек Абай туралы ғана емес, қазақ тілінің шұрайы, халқымыздың бай тарихы, ұлттық құндылықтары, сан ғасырлық сын-тегеуріндердің өшпес рухы туралы да білді. «Абай жолы» біздің бағыттаушы жұлдызымызға айналғандай, біз де Мұхтар жолын өскелең ұрпақ үшін даналықтың үлгісі етуіміз керек», - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Айта кетейік, өңірлік деңгейде мерейтойлық датаға орай барлығы 500-ден астам мерекелік іс-шара өткізу жоспарланып отыр.