Елордалық театрдың Қазақстан қалаларына гастрольдік сапары басталады

Елордалық театрдың Қазақстан қалаларына гастрольдік сапары басталады

«Астана Опера» труппасының артистері Қазақстанның бес қаласына гастрольдік сапарға шығады. Олар 2022 жылдың сәуірінен маусымға дейін өнер көрсетеді, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Рудный және Ақтөбе жұртшылығы театрдың шығармашылық ұжымы әзірлеген мазмұнды бағдарламаны асыға күтуде.

Афиша ересектермен қатар, балғын көрермендер аудиториясын да қуантады. Ең кішкентайларына үш бөлімнен тұратын «Музыка әлемі» концерті дайындалды. Осылайша, жас театрсүйер қауым скрипкалық және үрлемелі музыкамен танысып, сондай-ақ жоғары кәсіби музыканттардың вокалдық шеберліктеріне баға бере алады.

Кешкілік бағдарламада Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-фарсы ұсынылады. Бұл спектакль «Астана Операның» PICCOLO Камералық театры бірегей жобасына енген. Аталған опера гастрольге өте «ыңғайлы» екенін атап өту керек. 2019 жылы оны жоғары еуропалық музыкалық мәдениет қаласы – Санкт-Петербург тұрғындары мен қонақтары тамашалай алды. Сол кезде спектакль аншлагпен өтіп, театр сыншыларының сүйсініске толы пікірлеріне ие болды.

Қазақстан бойынша саяхатқа сайдың тасындай іріктеліп алынған жұлдызды топ аттанады. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Евгений Чайников, Ержан Саипов, Артур Габдиев, Рамзат Балакишиев, Әсем Сембина, Малика Минизини, Алтынбек Әбілдә, хор, миманс артистері және тағы басқалары бар. Керемет дауыс иелері – сопрано, баритон, тенор, бас және меццо-сопрано – колоратуралық вокал техникасын меңгерген. Олар арнайы оқудан өткен, әрі кейбіреуі Россинидің өзі дүниеге келген Пезаро қаласында білімдерін жетілдірген.

Сонымен, Павлодар елордалық артистерді 26-27 сәуірде күтеді, концерт Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтеді. Екібастұзда солистерді 29 сәуірде Естай атындағы Балалар музыка мектебінің сахнасында тыңдауға мүмкіндік бар. Гастрольдер тізіміндегі келесі қала – Қарағанды, мұнда артистер К.Станиславский атындағы орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетеді, концерттік сапар маусымда Рудный мен Ақтөбеде опера жұлдыздарының өнер көрсетуімен өз мәресіне жетеді. Сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылғанын айта кеткеніміз жөн, гастроль демеушілері – Eurasian Resources Group  (ERG).

Бүкіл гастроль бойы театрдың Камералық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Алла Симонишвилидің режиссурасы мен италиялық суретші-сценограф Манана Гунианың жеңіл декорациялары да көрерменді таңдай қақтырады. Біресе ғимараттың алдын көрсетіп, біресе оның ішкі көрінісін көз алдыңа әкелетін декорациялар рококолық әсем атмосфераға бөлейді. Үш қарама-қарсы түстер – қара, қызыл және ақтан тігілген әдемі әрі сәнді костюмдер спектакльдің сырт көрінісіне қосымша үйлесімділік пен анықтық береді.

– Сүйікті Қазақстан жұртшылығының алдында өнер көрсетуге керемет мүмкіндік туғанына өте қуаныштымыз. Әрбір артист үшін гастроль – бұл шығармашылық қызметтің маңызды бөлігі, онсыз толыққанды даму және шығармашылық өсу болмайды. Классикалық өнерге ынтық барша жандарды біздің концерттерімізді тамашалауға әрі әлемдік музыка жауһарларынан рахат алуға шақырамыз, – деді «Астана Опера» артистері.