Корея Республикасы Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді қалпына келтірді

Корея Республикасы Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді қалпына келтірді

Корея Республикасы үкіметінің шешімімен 2020 жылғы 13 сәуірде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстан мен басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты тоқтатылған визасыз режим 2022 жылғы 1 сәуірден бастап қалпына келтірілді.

Өзара негізде визасыз режим біздің елдеріміз арасында 2014 жылғы 19 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы келісім негізінде әрекет ететінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, енді Кореяға визасыз кіруге құқығы бар Қазақстанды қоса алғанда, 112 шет мемлекеттердің/өңірлердің азаматтары Кореяға визасыз кіру мақсатында Кореяның «К-ETA электрондық платформасына» қол жеткізе алады (www.k-eta.go.kr алдын-ала рұқсат алу керек).

K-ETA рұқсаты екі жыл ішінде немесе шетелдіктердің төлқұжаттарының мерзімі аяқталғанға дейін Кореяға бірнеше сапарға жарамды болады. Рұқсат құны 10 мың корейлік вон (шамамен 10 АҚШ доллар) құрайды. Алайда, K-ЕТА рұқсаты Корея Республикасына кіруге кепілдік бермейді; соңғы шешімді жолаушы шекараны өтер алдында Кореяның иммиграциялық қызметі шығарады.

Корей тарапының бұл іс-шарасы пандемия кезеңінде Қазақстан мен Корея арасындағы өзара келулердің төмендеу серпінін өсіруге мүмкіндік береді. Осылайша, 2020-2021 жылдардағы өзара туристік ағындардың статистикасы келу/кету туризмі көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендегенін көрсетеді – жылына орта есеппен 6-9 мың адам ғана келген. Ал 2017-2019 жылдар аралығында жылына орта есеппен 30-45 мың адам келгендігі тіркелген.

Бұдан басқа, бұл фактор Қазақстанның Кореямен халықаралық әуе қатынасы санының кеңеюіне оң әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяға AirAstana және AsianaAirlines авиакомпаниялары «Алматы – Сеул» бағыты бойынша аптасына 3 рейс жасайды, олар туристік сұраныс өскен жағдайда рейстер мен бағыттардың, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына және Нұр-Сұлтан қаласынан бағыттардың санын ұлғайту туралы мәселені қарайды.