Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты қабылдады

Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты қабылдады

Кездесу барысында Президентке мәдениет, спорт, туризм архив және баспа ісі салаларының қазіргі жағдайы жөнінде мәлімет берілді. 

Мемлекет басшысына министрлікке қарасты ұйымдарға жұмыс сапары туралы баяндалды. Сапар қорытындысы бойынша күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешудің іс-шаралары әзірленген. 

Дәурен Абаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қарай қаржыландыру, бұқаралық спортты қарқынды дамыту жөнінде берген тапсырмаларын орындау ведомство жұмысындағы негізгі бағыттың бірі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, биыл министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығын тиісті деңгейде атап өтуі қажет.

Мемлекет басшысы ұлттық спорт резервінің ірі халықаралық жарыстарға, соның ішінде 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға дайындықты күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жастар үшін ұлттық мәдениеттің бәсекеге қабілеттілігі мен тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.

Президент карантиндік шектеулердің елімізде және шет мемлекеттерде жеңілдетілуіне байланысты туризм саласын дамытудың тың жолдарын әзірлеу маңызды деп есептейді.