Бақтияр Адамжан мен Анастасия Заклинская әлем балет жұлдыздарының гала-концертінде өнер көрсетті

Бақтияр Адамжан мен Анастасия Заклинская әлем балет жұлдыздарының гала-концертінде өнер көрсетті

Әлемдік балет жұлдызы, «Астана Операның» жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген беделді халықаралық байқаулардың Бас жүлде иегері – Бақтияр Адамжан мен «Астана Операның» жарқын солисі Анастасия Заклинская «Андрис Лиепа 6:0» әлем балет жұлдыздарының мерейтойлық гала-концертінде өнер көрсетті. Бақтияр Адамжанның гастрольдік туры Новосібір опера және балет театрының сахнасында қойылымдарға қатысумен жалғасын тапты.

Ресейдің Халық артисі Андрис Лиепаның мерейтойлық кеші 1 наурызда «Қолтаңбалар мен тұлғалар» атты танымал жоба аясында Мемлекеттік Кремль сарайында өтті. 

Мәскеулік сахнада «Астана Операны» ғана емес, күллі Қазақстанды танытқан Бақтияр Адамжан мен Анастасия Заклинская Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына Андрис Лиепа қойған «Шехеразада» балетінен адажиода Алтын құл мен Зобеиданың бейнелерін сәтті сомдады.

– Кремльде өнер көрсету көңіліме қуаныш сыйлады, – деп пікірімен бөлісті «Астана Операның» жетекші солисі. – Оның әйгілі адажионы көрсету үшін біздің театрды таңдап алғаны біз үшін үлкен мәртебе. Андрис Лиепа нөмірді жоғары деңгейде орындағанымызды айта отыра, біздің еңбегімізге баға берді.

–Концерт бағдарламасы өте мазмұнды әрі қызықты болды. Бізді жылы қарсы алды және бұл кездесуден тек жақсы әсер қалды,– деді Анастасия Заклинская.

Бақтияр Адамжан мен Анастасия Заклинская «Шехеразаданы» қойылым «Астана Операның» афишасында пайда болған ең алғашқы күннен бері орындап келеді.

– Біз бірыңғай екпін қалыптастырып, барлық ерекшеліктерді зерттедік, ұсақ-түйекке дейін игердік, – деді Б.Адамжан. – Менің бидегі жұбыма Зобеиданың рөлі мінсіз үйлеседі – өте әдемі әрі жарқын, сонымен қатар ол нағыз кәсіпқой маман.

Сондай-ақ жетекші солист осы бағдарлама аясында А.Аданның «Корсар» балетінен па-де-дені тамаша орындады.

Қазақ артистерінің орындауы балет кешінің көркін қыздырғаны сөзсіз. Мәскеулік талғампаз көрермен біздің бишілерге қол соқты.

Бақтияр Адамжанның Новосібір опера және балет театрындағы өнері де сәтті болды, онда ол жарты жылдан бері шақырылған жетекші солист болып жұмыс істейді. Көрермендер оны А.Хачатурянның «Спартак», Л.Минкустың «Дон Кихот» спектакльдері және «Баядерка» балетінің классикалық нұсқасында жақсы көріп кетті.

– Бұл жолы мен Морис Жаррдың музыкасына Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборында», сондай-ақ испандық хореограф Начо Дуатоның қойылымында «Баядерка» балетінің мен үшін жаңа нұсқасында биледім, – деп атап өтті артист. – Қойылым қазіргі заманға лайықталған және мен білетін нұсқадан айтарлықтай ерекшеленеді, сондықтан жаңа «Баядерка» премьера болды. 

Бүгінгі таңда Бақтияр Адамжан – әлемдегі ең танымал қазақ балет артистерінің бірі.

– Түрлі сахналарда, әлемдік балет жұлдыздарымен бірге гала-концерттерде өнер көрсетуге мүмкіндігім барын мақтан етемін, – деді ол. – Атақты бишілермен таныстым – шығармашылық өсуге, тәжірибе алмасуға керемет мотивация. Сонымен бірге, Қазақстанның атынан өнер көрсету маған зор жауапкершілік жүктейді және туған елімді абыроймен танытуға тырысамын.