«Астана Операда» Наурыз мейрамына дайындық қызу жүріп жатыр

«Астана Операда» Наурыз мейрамына дайындық қызу жүріп жатыр

Табиғат ұйқысынан оянғанда көктемгі жаңарумен бірге керемет көңіл күй келеді. Осы күндері «Астана Операда» көпшілік жақсы көретін мереке – Наурызға  дайындық қызу жүріп жатыр. Театрда елорда тұрғындары мен қонақтары халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бейнеленген концерттер мен спектакльдерді тамашалайды.

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, мейрам 14-23 наурыз аралығында тойланады. Оның үстіне мерекелік 10 күннің әрқайсысы өзіндік ресми атауға ие. «Астана Операда» мазмұнды бағдарламаны 16, 17, 18 наурызда Үлкен залдың сахнасында Ғ.Мүсіреповтің либреттосына Е.Брусиловскийдің танымал «Қыз Жібек» операсы ашады. Спектакльге қазақстандық опера сахнасының жұлдыздары, сондай-ақ хор мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері маэстро Абзал Мұхитдин басқаратын симфониялық оркестр  қатысады.

Ұлыстың ұлы күні – 21-22 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда көптен күткен көктем мейрамынан естен кетпес әсер қалдыратын «Қош келдің, Наурыз!» атты жарқын, көңілді әрі қызықты концерт өтеді.

Еске сала кетейік Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Мемлекет басшысы Наурызды жаңа сипатта атап өту туралы мәселе көтеріп, тұжырымдама жасауды және бұл мерекенің мазмұнын байытуды тапсырған болатын.

– Қазақстан Президенті атап өткендей, бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болмақ, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Наурыздың келуімен адамдар тіршіліктің жаңа тынысын сезінеді. Осы ретте мен барлық отандастарымды Наурызбен шын жүректен құттықтаймын, тәуелсіз еліміз өркендеп, Қазақстан халқы гүлдене берсін және үлкен шаңырақтай ұйымшыл болсын. Бәрімізге бейбіт және ашық аспан, молшылық, денсаулық пен амандық тілеймін, – деп қорытындылады директор.

«Астана Операның» көрермендері мен театрсүйер қауым шығармашылық ұжымның жыл сайын мерекелік жарқын сәт сыйлайтын сан қырлы концерттік бағдарлама әзірлейтінін біледі.

– Бұл күні біздің салт-дәстүрлерімізді көрсетпеу мүмкін емес. «Қош келдің, Наурыз!» концертінде көптеген халықтардың бірлік, бейбітшілік пен келісім жайлы шығармалары орындалады. Басты идея – Наурыз елімізді мекендеген барша ұлыстардың өкілдерін ұйыстыратын мейрам екенін көрсету. Біз қысты қуана шығарып салып, шуақты көктемді оның сылдырлап аққан бұлағымен, сайраған құстарымен, самал желімен және хос иісті жасыл желегімен бірге асыға күтеміз. Сондықтан біз мерекелік сәт туғызатын ең жарқын нөмірлерді көрсетуге тырысамыз. Концерттердің аншлагтармен өтетіні сөзсіз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың музыкалық кеңесшісі, пианист Раушан Бескемпірова.

Бағдарламада опера труппасының солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Қапонова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалия Байғазинова, Әсем Сембина, Назым Сағынтай және басқалары қатысады.

Сондай-ақ «Астана Опера» хорының артістері, оркестр музыканттары, Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірттері өнер көрсетеді. Олар классикалық және заманауи шығармаларды орындайды, оның ішінде танымал опералардан үзінділер, сондай-ақ халық әндері бар. Домбыра мен қыл қобыздың сүйемелдеуінде шырқалатын «Тойбастар», «Тұсаукесер», «Беташар» секілді музыкалық туындылар ерекше әсер туғызады. Сүйікті мереке – Наурыз туралы өлеңдер кештің поэзиялық арқауына айналады.