Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындығы және қатысуы туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындығы және қатысуы туралы

Бүгін, 25 қаңтарда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ұлттық құрамасының Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға дайындығы және қатысуы туралы брифинг өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков қатысты.

Серік Жарасбаев Олимпиадаға дайындық барысы мен лицензиялар жөнінде айтты.

XXIV қысқы Олимпиада осы жылдың 4 -20 ақпаны аралығында Қытайдың Бейжің қаласында өтеді.

Ақ Олимпиадаға  әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады деп күтілуде.

Байрақты бәсекеде спорттың 15  түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жарыстар Яньцин, Чжанцзякоу және Қытай елінің астанасы –Бейжің қаласында өтеді.

4 ақпанда Бейжің уақытымен 20:00 де XXIV қысқы Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі ал, 20 ақпанда  жабылу салтанаты өтеді.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасында спорттың 8 түрінен 87 лицензия (биатлон, шаңғымен жарыс, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл(могул, акробатика), таушаңғысы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты) бар.

Олимпиадада ел құрамасының сапында 34 спортшы бақ сынайды. Оның ішінде ШҚО-9, Алматы қаласы-8, Ақмола облысы-4, Павлодар облысы-3, Нұр-Сұлтан қаласы- 3, БҚО-1, СҚО-1, Шымкент қаласының 1 спортшысы бар.

Алдын-ала болжам бойынша фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-трек және конькимен жүгіруден спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне мүмкіндік бар.

Құраманың ең жас спортшысы- 2021 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Анастасия Городко (фристайл-могул) 16 жаста, ал ең үлкені 35 жастағы шаңғымен жарыс спорт түрінен Евгений Величко.

Олимпиадалық спорт түрлерінен Ұлттық құраманың дайындық жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті арасында мемлекеттік тапсырыс аясында келсім-шарт жасалды.

2022 жылдың 21 қаңтарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, мәдениет және спорт министрі Д.Абаевтың, Қазақстан Олимпиада құрамасының ту ұстаушылары Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова, сондай-ақ Қазақстан Паралимпиада құрамасының капитаны Александр Герлиц және құрама мүшесі, пара шаңғы жарысынан Қазақстан чемпионы Ербол Хамитовтың қатысуымен Мемлекеттік туды тапсыру рәсімі өтті.

Қазіргі таңда Халықаралық Олимпиада комитетінің талаптарына сәйкес олимпиада құрамасының мүшелері қаңтар айының 14 мен 27 аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алау» мұзайдыны (10 спортшы, шорт-трек және конькимен жүгіру спорты) мен Алматы қаласындағы SADU ARENA спорт кешенінде (11 спортшы-фристайл могул, трамплиннен секіру шаңғы қоссайысы, таушаңғысы спорты) карантинде.

Ал шетелдегі 14 спортшының (шаңғымен жарыс, биатлон, фристайл акробатика) Бейжің қаласына ұшып келуін ҰОК қарастыруда.

*Анықтама:

2018 жылғы XХIII қысқы Олимпиадада (Пхенчхан (Оңтүстік Корея) ҚР Ұлттық құрама командасы 57 лицензия жеңіп алып, спорттың 9 түрінен 46 спортшы жарыстарға қатысқан.

Қазақстандық спортшы Юлия Галышева фристайл-могулдан қола жүлдені иеленіп, жалпыкомандалық есепте ел құрамасы 28 орынға тұрақтаған болатын.