Бейжің Олимпиадасында Қазақстанның туын ұстайтын спортшылар анықталды

Бейжің Олимпиадасында Қазақстанның туын ұстайтын спортшылар анықталды

Шорт-тректен Қазақстан командасының көшбашысы, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова Бейжің Олимпиадасында Қазақстан олимпиадалық құрамасының туын ұстайтын болады. Бұл туралы бүгін Ұлттық Олимпиадалық комитет хабарлады. 

Екатерина Айдова ең алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасына қатысты, кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары өз мансабындағы төртінші Олимпиада. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогы кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы. 

«Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің байрағын көтеріп шығатын алғашқы қазақстандық спортшы қыз екенімді мақтан тұтамын. Көптеген атлеттер үшін бұл алғашқы Олимпиада, ал кейбіреулері төртжылдық додасына бірнеше рет қатысады. Алайда, Олимпиадаға қанша рет қатыссаң да, ондағы сезім өзгермейді. Елің үшін мақтанасың және үлкен жауапкершілік барын түсінесің. Бейжіңде ел үмітін ақтау үшін бар күшімізді саламыз», - деді Екатерина Айдова. 

Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерінің барлық жүлдесі бар, 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалі де қоржыннан табылады. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр. 

«Олимпиадада Қазақстанның туын алып шығу мен үшін абырой. Еліңнің байрағын ашылу салтанатында көтеріп шыққандағы сезім өмір бойы ұмытылмайды. Бізге сенім артқан барша жанкүйерге алғысымыз шексіз. Барлық олимпиадашылар атынан бұл бәсекені асыға күткенімізді айтқым келеді. Спортшыларға дайындалу үшін бар жағдай жасалды. Елде де, шетелде де дайындалдық. Енді олимпиада айдынында ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз», - деді Абзал Әжіғалиев. 

Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты 4 ақпанда Бейжіңдегі ұлттық стадионда өтеді.