Алтын домбыра - Түркістанда

Алтын домбыра - Түркістанда

Бүгін Түркістан қаласында «Ұлы дала елі» орталығында «Алтын домбыраны» салтанатты түрде орналастыру рәсімі өткізілді.

Арнайы іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, «Алтын домбыра – 2021ж» иегері Бекарыс Шойбеков және Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаев қатысты.

Жыл сайын азуын айға білеген, орақ ауыз, отты тілді айтыскер ақындардың басын біріктіріп, «Алтын домбыра» аламанын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биыл да дәл осы дәстүр жібін үзбей жалғасын тауып Х «Алтын домбыра» айтысы Нұр-Сұлтан қаласы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен болатын. Осынау аламан айтыста кіл жүйріктердің арасынан суырылып, оқ бойы оза шыққан Бекарыс Шойбеков «Алтын домбыраны» жеңіп алды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының 2021 жылғы 2 қарашадағы №17 бұйрығымен бекітілген Республикалық ақындар  айтысы ережесінің 3-тарау                22-тармақшасында республикалық айтыстың жеңімпазына табысталған «Алтын домбыра» ақынның туған өңірінде келесі жылғы жеңімпаз анықталғанша сақталады деп көрсетілген.

Осы ретте «Алтын домбыраның» бір жыл бойы қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, сақталуын қадағалау облыс немесе қала әкімшілігіне ұсынылып, аталған өңірде «Алтын домбыра» аясында түрлі мәдени-танымдық іс-шараларды өткізіп, бірегей тарихи және мәдени мұрамызды дәріптеу, құндылықтарын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

 «Алтын домбыра - 2021» Ұлы Дала Елі орталығының «Алтын залына» орналастырылды. Жыл бойына Түркістанға келген туристер, қала қонақтары аталмыш домбыраны көріп тамашалай алады.