Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылдың 26 қарашасында (сағат 10.00-де) Павлодар қаласында «Ұлттық ономастика – Ел айнасы» атты республикалық байқауын өткізуді жоспарлап отыр.
Байқаудың мақсаты – жергілікті атқарушы органдардағы ономастика мәселесімен айналысатын бөлімдердің жұмысын күшейтуге атсалысу, тіл саясатының бір бөлігі ретінде ономастика саласына жауапты қызметкерлерді моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру, ономастика саласын жетік меңгерген мамандарды анықтау, осы салаға қызығушылықты арттыру, Қазақстанның жер-су атауларын насихаттау, халқымыздың бірлігін, ынтымағын және патриотизмін нығайтуға ықпал ету.
Конкурсқа өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардағы тіл саясатымен (ономастика) айналысатын басқарма, бөлім мамандарының қызметкерлерінен құрылған үздік командалар қатысады, ал олардың жұмыстары мен білім деңгейлерін белгілі ономаст ғалымдардан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Биыл 2-ші рет өткізілетін байқауға осы жолы еліміздің 11 өңірінен үздік шыққан командалар қатысады.
Қатысушылар еліміздегі танымал мекеннің (мәселен, Оқжетпес, Қарқаралы т.б.) суреттеріне қарап, оның атауын, қай өңірінде орналасқанын, ономастика саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілер бойынша және салаға қатысты викториналық сұрақтардың жауаптарын табуы тиіс. Сонымен қатар, байқау Қағидасына сәйкес қатысушылардың өз өңірлерінде ономастика саласында атқарған жұмыстарын көрсететін материалдар бойынша да бағалар берілетін болады.
Ұйымдастырушылар тарапынан байқау жеңімпаздары мен лауреаттарына ақшалай жүлделер қарастырылған.
Осыған байланысты, «Ұлттық ономастика – Ел айнасы» республикалық конкурсының қорытынды рәсімінде жеңімпаздарды марапаттау мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Өтетін орны: Павлодар қаласы, «Нұр Отан» партиясының ғимараты.
Байланыс телефоны: 8 778 343 56 92, 8 776 820 66 86.