Ақтоты Райымқұлова бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады

Ақтоты Райымқұлова бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Сербия астанасы Белградта өткен бокстан ерлер арасындағы XXI әлем чемпионатының жеңімпаздарын, жүлдегерлерін және Қазақстан құрамасының бапкерлерін қабылдады.

Министр өз сөзінде Сербиядағы чемпионатта Қазақстан құрамасы қол жеткізген бірнеше елеулі оқиғаны атап өтті.

«Қазақстан егемен ел ретінде 1993 жылдан бері бокстан әлем чемпионаттарына үздіксіз қатысып келеді. Осы аралықтағы 15 әлем чемпионатында біздің былғары қолғап шеберлері 51 медальді қоржынға салды. Оның 14-і алтын, 15-і күміс, 22-сі қола. Осы бәсекеде біз барлық жүлде саны бойынша АҚШ-тан озып, жалпы есепте Куба мен Ресейден кейін үшінші орынға көтеріліп отырмыз. Бұл біздің бокстан әлемдегі жетекші мемлекеттің бірі екенімізді көрсетеді. Алдағы уақытта да тынымсыз еңбектің арқасында спортшыларымыз осы қарқынымен жүлде қорын молайта береді деп сенемін. Сіздер үшін келесі меженің бірі – Ташкентте өтетін әлем чемпионаты болмақ»,-деді министр.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова барлық боксшымыз шаршы алаңда барын салып жұдырықтасқанын, жарқын жекпе-жектерімен қалың жанкүйердің жоғары бағасын алғанын жеткізді.

«Сіздер осы дүбірлі додада жоғары шеберліктеріңізді паш еттіңіздер. Әр жекпе-жекте жеңіске деген зор құштарлық таныттыңыздар. Мұны Сіздерге қызу қолдау көрсеткен жанкүйерлер сезеді. Әрбір үлкен жеңістің артында спортшының табандылығымен қатар бапкердің қажырлы еңбегі тұрады. Осы тұста біздің бапкерлер қосынына ерекше алғыс айтқым келеді. Лайым шәкірттеріңіз сенім үдесінен шығып, үміттеріңізді ақтасын»,-деп айтты министр.

Кездесу барысында Ұлттық құраманың капитаны Абылайхан Жүсіпов сөз алып, чемпионатқа тыңғылықты дайындалу үшін жағдай жасағаны үшін министрлікке, федерацияға құрама атынан рақмет айтты.

Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне спорттық атақтарды, разрядтарды және біліктілік санаттарын беру нормалары мен талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы атағын орындаған бапкерлер мен боксшыларды марапаттады.

Айта кетейік, екі жылда бір өтетін бокстан әлем чемпионаты 26 қазан мен 6 қараша аралығында Белград қаласында өтті. Аталған чемпионатқа әлемнің 105 мемлекетінен 650 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапынан 13 спортшы аттанып, құрама 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Осылайша, жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады.