Еліміздегі арнайы кітапхана қызметкерлерінің III республикалық слеті өтті

Еліміздегі арнайы кітапхана қызметкерлерінің III республикалық слеті өтті

14-15 қыркүйек аралығында Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана «Тәуелсіздікке 30 жыл: «ЗНКААРК» РММ және аймақтағы арнайы кітапханалардың даму жолдары» тақырыбында еліміздегі арнайы кітапханалардағы жас кітапханашылардың III слетін өткізді.

Тұңғыш Президент – Елбасының 2018 жылы 13 қарашадағы №784 Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Осыған орай алғаш рет I республикалық слет ұйымдастырылды. Содан бері аталған іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Кейінгі 2 жылда пандемияға байланысты онлайн режимге көшіп, Zoom платформасында өтіп жатыр. Биыл жас мамандар үшінші рет бас қосты.

Биылғы слет ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың 50 жылдық мерейтойына негізделді.

Слеттің ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігінен  Мәдениет комитеті музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың директоры Асхат Байұзақов, педагогика ғылымының докторы, Ресей мемлекеттік зағип азаматтарға арналған кітапханасының директоры Елена Захарова, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің зағиптар мен саңырауларға арналған республикалық арнайы кітапханасының директоры Жұмабай Исмаилов, Новосібір облысы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының директоры Юрий Лесневский, Саха (Якутия) «Республикалық зағиптар кітапханасы» мемлекеттік қоғамдық мекемесінің директоры Айталина Никитина, Санкт-Петербург мемлекеттік зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы орталық кітапханасы, Даму бөлімінің жетекші әдіскері Михаил Назаров сөз сөйледі.

Сонымен қатар арнайы кітапхана мен кітапханашының қоғамдағы рөліне қатысты маңызды жәйттарға тоқталып, осындай арнайы кітапхана саласына қатысты ұйымдастырылып отырған ауқымды іс-шараға қатысқандарын зор қуанышпен жеткізді.

Зағип жандарға қызмет көрсететін арнайы кітапханалардың көбеюі еліміздің интеллектуалды деңгейінің артуына зор ықпал ететіні, заманауи технологиялар ғасырында әдеби мұрамызды сақтап қалу, нүктелі-бедерлі қаріптегі басылымдардың санын сапалы түрде арттыру, осы баспа өнімдерінің сыры мен сынын бұзбай келешек ұрпаққа жеткізу кездесудің басты тақырыбына айналды.

Слет аясында «Арнайы кітапханалардың дамуындағы жаңа үрдістер» тақырыбында халықаралық онлайн конференция мен арнайы кітапханаларының жас мамандарына арналған «Ақпараттық қоғам және мүмкіндігі шектеулі азаматтар: халықаралық құқықта, заңнамада және тәжірибеде интернет-контенттің қолжетімділігі» халықаралық онлайн вебинар өтті.

Жалпы аталған слеттің мақсаты – «ЗНКААРК» РММ-нің оқырмандарын ақпаратпен, біліммен, мәдени құндылықтармен қамтамасыз ету жолындағы даму сатысын айқындау; жас кітапханашылардың мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттыру; жұмыстың жаңа түрлері мен әдістерін енгізу; кітапхана мен қызметкерлердің имиджін нығайту; кітапханалық кәсіби жастар қоғамын қалыптастырып, оны дамытуға, тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыру; зағип ақындардың ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу; еліміздегі зағип жандарға арналған бедерлі-нүктелі қаріптегі басылымдардың шектеулі  шығарылуы жағдайында, қол жетімді форматтағы басылымдарды және тактильді кітаптарды шығаруда, арнайы кітапханалар қызметіне назар аудару.

Іс-шара басталғанда Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы экрандық өнер режиссурасы кафедрасының оқытушысы Асқар Дүйсебаев  кітапхананың мерейтойына тарту еткен: «50 жылдық ғұмыры бар «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ» деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.

Екі күнге созылған слет аясында саланың шешілуге тиісті көптеген мәселесі назарға алынып, арнайы кітапхана желісінің сапалы адами капиталды қалыптастырудағы және қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі мен орны, кітапхана саласын дамыту, цифрландыру жүйесіндегі кітапханалар, арнайы кітапханаларды сандық ортаға интеграциялау және заманауи форматта дамыту сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.

Жалпы жиын барысында 12 баяндама тыңдалып, халықаралық конференция қорытындысы бойынша резолюцияның жобасы оқылды. Бұл құжат жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында, өңірдегі кітапхана өкілдеріне жолданды.

Слеттің екінші күні «Ақпараттық қоғам және мүмкіндігі шектеулі азаматтар: халықаралық құқықта, заңнамада және тәжірибеде интернет-контенттің қолжетімділігі» тақырыбындағы халықаралық онлайн вебинарда веб-сайттың, жалпы зағип жандар үшін интернеттің қаншалықты қолжетімді екені, Egov порталында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жасалған мүмкіндіктері талқыланып, Назарбаев университетінің көмекші технологиялар мен ақпараттық қолжетімділік жөніндегі сарапшы менеджері Зият Әбдіқайымов аталған тақырып бойынша өзге де сұрақтарға жауап берді.

Іс-шара соңында «ЗНКААРК» РММ-нің 50 жылдығына орай өткізілген «Шабыттың бұлағы» - «Источник вдохновения» атты зағип ақындар қатысқан республикалық байқауының жүлдегерлері марапатталды.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» тақырыбымен кітап көрмесі жасақталды. Көрмеге, тақырып аясындағы «ЗНКААРК» РММ жасаған жоба бойынша республикадағы арнайы кітапханалар шығарған МР3 аудиоформаттағы және БНҚ кітаптардан көрме жасақталды.