Нұрғиса Дәуешов ТҮРКСОЙ кеңесінің XXXVIII тұрақты отырысына қатысты

Нұрғиса Дәуешов ТҮРКСОЙ кеңесінің XXXVIII тұрақты отырысына қатысты

Бүгін Өзбекстанда Хиуа қаласында ТҮРКСОЙ кеңесінің XXXVIII тұрақты отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов, Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі Анар Керімов, Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев, Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой, Венгрияның адам ресурстары министрлігінің мемлекеттік хатшысы Золтан Лоринци мен түрлі халықаралық ұйымның өкілдері, дипломатиялық корпус қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында ТҮРКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісі ауысып, «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін беру рәсімі өтті. Келесі, 2022 жылғы түркі елдерінің мәдени астанасы ретінде Түркияның Бурса қаласы таңдалды.

Жиында сөз алған Нұрғиса Дәуешов ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына, өзбек тарапына қонақжайлық көрсеткені, аталған іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, түркі тілдес елдердің ынтымақтастығын арттырудың жаңа басымдықтарын белгілеу керегін айтты.

«Пандемияға байланысты қазіргі жағдайда мәдениетаралық диалогтың маңызы арта түсуде. Өзара құрмет пен мүддеге негізделген достық қарым-қатынасымыз үнемі нығайып келеді. Бүгінгі таңда ТҮРКСОЙ елдерінің мәдени ынтымақтастығы халықтарымыздың арасындағы байланысты нығайтуда зор әлеует пен перспективаға ие. Бұған ұйымның түркітілдес елдерде өтетін жыл сайынғы ірі халықаралық фестивальдерге, конкурстарға, концерттерге, көрмелерге және басқа да іс-шараларға тікелей қатысуы мен қолдау көрсетуі дәлел бола алады. Қазақстан түркітілдес елдермен екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа зор маңыз береді»,-деді.

Осыдан кейін вице-министр халықаралық деңгейде атқарылған ауқымды іс-шараларға тоқталды.

«Биыл наурызда Қазақстан делегациясы ұлы ақын, әлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу үшін Қырғыз Республикасына барды. Бішкектегі Әбділас Малдыбаев атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрында «Ақын Абайға мың тағзым» атты концерт өтті. Сонымен қатар Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған мерекелік іс-шара Ташкент облысының Ғазалкент қаласындағы Мәдениет сарайында өтті. Ал тамызда ұлы ақын, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай Қырғызстанда ақындар айтысы, шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың қатысуымен түрлі ауқымды іс-шаралар өткізілді. Абай атындағы Опера және балет театрының және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясы камералық хорының солистері Измир қаласында түрік ақыны әрі ойшылы Юнус Эмренің 700 жылдығына арналған «А.Сайгун-Оратория Юнус Эмре» Гала-концертінде өнер көрсетті. Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапхана қорын толықтыру мақсатында 250-ден астам кітап пен журнал сыйға тартты. Бұл-оқырмандар арасында жоғары сұранысқа ие қазақ, түрік, орыс тіліндегі бірегей әдебиет»,-деп айтты Нұрғиса Дәуешов.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі мәдени өзара іс-қимылдың тағы бір сәтті тәжірибесі – «Мәдениет күндерін» өткізу екеніне ерекше назар аударды.

«Қазан айында Бішкек қаласында Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Оның аясында кино, көрме, гала концерт, «Абай» операсының қойылымы және жыл бойы басқа да көптеген іс-шара ұйымдастырылады».

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) 1993 жылы 12 шілдеде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес халықтар арасындағы рухани байланыстарды жаңғырту мақсатында құрылған. ТҮРКСОЙ-ға барлық тәуелсіз түркітілдес мемлекет мүше. Олар: Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Әзірбайжан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан.

ТҮРКСОЙ-дың Штаб-пәтері Анкара қаласында (Түркия) орналасқан. Ұйымның ресми тілі - түрік, ағылшын және орыс. Ұйымның Бас хатшысы ретінде 2011 жылдың 20 қыркүйегінен бастап Қазақстанның өкілі Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов қызмет етеді.

Ұйымның негізгі қызметі түркі елдерінің, халықтар мен қауымдастықтардың мәдениеті мен өнерін дамытуға; түркітілдес елдер мен халықтар арасында өзара түсіністікті орнатуға; мәдениет пен өнердің, тарихтың, ұлттық тілдің, түркі халықтарының мәдени және тарихи мұрасының ортақ құндылықтарын зерделеуге, сақтауға, дамытуға және дәріптеуге бағытталған. ТҮРКСОЙ жұмысының бағыттары мен бағдарламасын түркітілдес елдердің мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі айқындайды. Тұрақты кеңес қабылдаған шешімдерді ТҮРКСОЙ хатшылығы жүзеге асырады.

2010 жылдан бастап ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің қалалары «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болып келеді. Түркі әлемінің алғашқы мәдени астанасы 2010 жылы Астана қаласы болды.

2019 жылы қарашада ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі 2020 жылды «Абай жылы» деп жариялады. Сондай-ақ «Абай» мерейтойлық медалі дайындалды.

Айта кетейік, ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет министрлерінің 37-ші отырысы барысында 2020 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып Хиуа қаласы (Өзбекстан) сайланған еді. Пандемияға байланысты Хиуа бұл мәртебені 2021 жылы да сақтап қалды.