Ақтоты Райымқұлова Паралимпиададан елге оралған спортшыларды күтіп алды

Ақтоты Райымқұлова Паралимпиададан елге оралған спортшыларды күтіп алды

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына пара пауэрлифтингші – Давид Дегтярев пен Алина Солодухина және Давидтің жеке бапкері Юрий Колесников ұшып келді. Жапония астанасынан елге оралған делегация мүшелерін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, спортшылардың туған-туыстары, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері күтіп алды.  

Мәдениет және спорт министрі паралимпиадашылардың Токио төріндегі жетістігі қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазылатынын, еліміздегі пара спорттың дамуына серпін беретінін жеткізді.

«Қазірдің өзінде Токио-2020 – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең табысты Паралимпиада. Биыл өз тарихымызда ең көп спортшы апарып қана қоймай, ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз. Сіздер төрт жылдықтың басты додасына жолдама жеңіп алу арқылы рухы мықты жан екендеріңізді танытқан едіңіздер. Енді сәтті өнер көрсетіп, көк туымызды биікте желбіретіп, бізге зор қуаныш сыйлап келесіздер. Сол үшін Сіздерге және бапкерлеріңізге рақмет айтамын»,-деді министр.

Айта кетейік, 54 килоға дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан Давид Дегтярев 172 кило зілтемірді ырқына көндіріп, алтын алды. Ал 45 килоға дейінгі салмақта Алина Солодухина 83 кило зілтемірді көтеріп, үздік бестікті қорытындылады. Бұл қос спортшының карьерасындағы алғашқы Паралимпиада.