«Спорт батырлары» жобасы аясында Бақтияр Артаевпен кездесу өтті

«Спорт батырлары»  жобасы аясында Бақтияр Артаевпен кездесу өтті

Бүгін Ұлттық музейде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық музейінің бірлескен «Спорт батырлары» жобасы аясында бокстан Олимпиада чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаевпен жүздесу өтті. Іс-шара кезінде боксшы музей қорына жеке заттарын табыстады.

Кездесуге Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сəпиев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының директоры Əлібек Нұртаев, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, бокстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев, Бақтияр Артаевтың жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құрама спортшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, спорт және мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Жобаның мақсаты - дене шынықтыру мен спортты насихаттау, жастарды салауатты өмір салтына баулу, Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғаларға тиесілі бірегей мәдени құндылықтар мен тарихи заттарды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа дәріптеу.