Грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған  халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті

Грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған  халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті

Бүгін грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған  2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.

Іс- шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, UWW (Біріккен күрес әлемі) вице-президенті Дәулет Тұрлыханов  қатысты.

Ақтоты Рахметоллақызы баршаны жарыстың ашылуымен құттықтады. 

"Сіздерді Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылып тұрған грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ палуаны, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнирдің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!" деді. 

Сонымен қатар  А.Райымқұлова көпшілікке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатын жеткізді.

"Баршаңызды Олимпиада жеңімпазы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнирдің ашылуымен құттықтаймын!

Бұл – бүкіл еліміз үшін айтулы оқиға. Жақсылық Үшкемпірұлы – грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ғана емес, бүкіл халқымыздың ықыласына бөленген ерекше тұлға. Ол саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнап, туған өлкесін өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірді.

Даңқты спортшы әрдайым ұлттық мүддеге берік болып, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетті. Бұл құндылықтар әр азаматтың айнымас ұстанымына айналуға тиіс.

Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы өскелең ұрпаққа қашанда өнеге.

Халқымыздың біртуар перзентінің есімін ұлықтап, еңбегін бағалау жолында бүгінгідей іс-шараның маңызы зор. Байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тілеймін", - делінген құттықтау хатта.

Анықтама:
2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында өтетін турнирде палуандар 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 97, 130 келі салмақ дәрежелерінде бақ сынайды.

Байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен екі жүз елуден аса спортшы қатысады.

Елдегі карантин талаптарына сәйкес халықаралық турнир жанкүйерлерсіз өтеді.