Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды 7 мамыр - Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

«Құрметті ер-азаматтар!

Сырмінезді сарбаздар!

Ардақты ағайын!

Сіздерді 7 мамыр - Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін - батыр бабаларымыздың даңқты жолын, отанға қалтқысыз қызмет ету дəстүрін абыроймен жалғап келе жатқан Ұлы Дала елінің Қарулы күштері құрылған күн.

Жас болса да Тəуелсіз Қазақстанның шекарасын берік ұстап, əр шаңырақтың тыныштығын көздің қарашығындай сақтайтын қуатты Əскеріміздің үлгілі сүрлеуін насихаттайтын бұл мемлекеттік мерекенің орны ерекше.

Ықылым заманнан бері аталарымыз ұланғайыр жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге мұраға қалдырды. Енді осынау өлшеусіз байлықты кейінгі ұрпаққа жеткізу - əрбір азаматтың перзенттік борышы. Қазақ елі бұл бейнетті жолда темірдей тəртіпке бағынып, адал қызметімен халықтың қалқанына айналған айбынды армиясын, қаһарман ұл-қыздарын мақтан тұтады.

Алдағы уақытта да қайсар қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп қызмет ететін» нағыз патриоттардың қатары артып, ел ертеңінің жарқын болуына аянбай атсалысыңыздар. Лайым кәсіби машықтарыңызды арттырып, шеберліктеріңізді, жоғары жауынгерлік дайындықтарыңызды шыңдап, мамыражай тіршіліктің кепілі бола беріңіздер.

Осынау орайлы сəтті пайдалана отырып, әскери қызметкерлерге, ардагерлерге қазақстандықтарға зор денсаулық, қажымас қайрат, мұқалмас жігер, қызметте табыс, отанның бастауы болған отбасына амандық тілеймін!

Тəу етер Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болсын!»,-деп жазылған министрдің құттықтау хатында.