Бұлбұл Қартанбаева Қазақстанның спорт амбассадоры атанды

Бұлбұл Қартанбаева Қазақстанның спорт амбассадоры атанды

Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова АҚШ-тың ұлттық əйелдер хоккей лигасында (NWHL) өнер көрсеткен тұңғыш отандасымыз, Princeton Tiger Lilies (АҚШ) хоккей командасының бас бапкері Бұлбұл Қартанбаевамен кездесті.

Кездесу барысында елімізде əйелдер хоккейін дамыту, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында көрсетілген бұқаралық спортты дамыту жайында əңгімелесті.

Бұлбұл өз тәжірибесімен бөлісуге және әйелдер хоккейін дамытуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты. Енді Бұлбұл Картанбаева ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт бойынша Амбассадоры атанды.

Тəжірибелі хоккейші еліміздегі командалардың жаттығу жұмысын үнемі жаңартып отыру керектігін атап өтті.

«Бастысы жұмыс барысын үнемі жетілдіруге тырысу керек. Жаңа бағдарламалармен танысып, алыс-жақын шет елдерден тəжірибелі мамандар шақыру, жаттығу жұмысын жетілдіріп отырған абзал. Мысалы, АҚШ-тағы кəсіби командамыз аптасына бір сағаттан екі рет қана жаттығу жасайды. Тағы аптасына екі рет мұз айдында, екі рет залда жаттығып, аптасына бір-екі рет ойнайды. Яғни, өте тиімді жаттығулар жүйесі қалыптасқан. Ал біздің Қазақстанда аптасына төрт-бес рет мұз айдында, кейде күніне екі рет ойнап, организм тез шаршайтын.

Бұдан бөлек қазір қолдағы имек ағашты қалай қолдану керегін айтатын, тактиканы талдайтын, жаңа жаттығуларды көрсететін мамандар бар. Сонымен қатар маманданған фитнес-жаттықтырушылар арнайы әйелдер хоккейіне арналған жаттығуларды айтып отырады. Аталған жаттығу жұмысынан кейін хоккейшілер күш қосып, тəжірибе жинайды. Міне, біз осыған ұмтылуымыз керек»,-дейді Бұлбұл.

Айта кетейік, таяуда Бұлбұл Қартанбаева Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен жүздескен еді. Осыдан кейін қала əкімі əлеуметтік желіде қыздарға арналған хоккей үйірмесі ашылатынын хабарлаған болатын.

Бұлбұл Нұр-Сұлтанда әйелдер хоккей командасын ашып, халықаралық деңгейде танытуға ниетті.