Әйгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына – 150 жыл!

Әйгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына – 150 жыл!

Бүгін қазақтың апайтөс палуаны, күрес және күш әдістері түрлерінің хас шебері, күш атасы - Қажымұқан Мұңайтпасұлының мерейтойы.

2021 жылдың басында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеу үшін барлық мемлекеттік мекемелерге арнайы жоспар бекітілген.

Осыған сәйкес, биыл көптеген спорттық бұқаралық іс-шаралар жүзеге асырылып отыр. Соның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласында Қажымұқан Мұңайтпасұлының ескерткіш-мүсінін ашу да бар. Бұл игі қадам осы жылдың күзіне қарай іске асуы тиіс. Түркістан облысында батыр бабаның мемориалдық кешені ашылады деп жоспарланған.

Бұдан басқа, Ақмола облысы әкімдігі, Целиноград ауданынына қарасты, Елордадан 25 шақырым жерде орналасқан Қажымұқан ауылында, мерекелік іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Еске салсақ, бұл елді - мекенде 1871 жылдың 7 сәуірінде Қажымұқан атамыз дүниеге келген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігі де биылғы республикалық және халықаралық спорттық бұқаралық іс-шаралардың барлығын Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы аясында өткізіп отыр. Атап өтсек, жыл басында арнайы жоспар бойынша, Қ. Мұнайтпасұлы атындағы спорттық мектеп-интернат-колледжіне қарасты «Жас Батыр» спорт кешенінде, күш әдістері бойынша белгілі спорт шебері Сергей Цырульниковтың қатысуымен, батыр бабамыздың мерейтойын жыл бойы мерекелеу іс-шаралары ресми түрде бастау алған. Жуырда Шымкент қаласында танымал әртістердің қатысуымен өткен «Өнер барысы» жобасы да палуан атамыздың мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт амбассадоры атанған күш иесі, Қажымұқанның дәстүрін жалғастырушы Сергей Цырульников еліміздің түкпір-түкпірін аралап, спортқа қызығатын жас өрендерге бабамыздың кезінде халық арасында жасаған рекордтарын көрсетіп, палуан атамыздың дәстүрін бұқараға кеңінен танытып жүр.

Жыл соңына дейін челлендждер, жарыстар, мектеп сағаттары, викториналар, жиындар, т.б. іс-шаралар жалғаса береді. Сонымен қатар, республикалық арналардың бірінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының қиындыққа толы өмір жолы және спорттық жолын бейнелейтін көркем фильм де жарық көрді. Токиода өтетін Жазғы Олимпиада және Паралимпиадада, күзде Түркияда өтетін Көшпенділер ойынында ұлы бабамызға арналған арнайы экспозиция құрылады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитетіне қарасты «Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі». Бұл Ұлттық құрама командалар үшін спорт резервін, спорт және дене шынықтыру саласында мамандар даярлайтын бірден-бір мекеме.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаты 1971 жылы құрылған. Яғни, бұл мекемеде де – мерейтой - 50 жыл. (Қ. Мұңайтпасұлы есімі 1972 жылдың наурызында берілген) 1971-1972 оқу жылын мектеп-интернатының алғашқы 58 түлегі бітірген. 1971-2016 жылдар аралығында  мектепті 3642 түлек аяқтап, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының көк туын желбіретіп, үлкен додаларда өздерін көрсетіп жүр. Біраз шәкірттер бапкерлікке, ұстаздыққа бет бұрды. Мектептің Қажымұқан Мұңайтпасұлының атымен аталуының өзі жас спортшыларға үлкен міндет арттыратыны сөзсіз.

Жарты ғасыр уақыт аралығында мектеп әлемге аты танымал спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында: Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Владимир Смирнов, Ольга Шишигина, Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков, Мерей Ақшалов, Алмат Кебісбаев, Элизабет Тұрсынбаева секілді талантты спортшылар бар.

Қазіргі таңда 400 ге жуық жас спортшыны тәрбиелеп жатқан оқу орны өз саласында бетке ұстар, алдыңғы қатарлы саналады. Оқу және тәрбие процесі, спорттық нәтижелер, инфрақұрылым мәселелері бойынша мектеп-интернат-колледж республикадағы оқу орындармен салыстырғанда көш басында.