Өткен жылы 2 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл құжат бойынша «Мәдениет туралы» Заңға республикалық деңгейде қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату бойынша жұмысты ұйымдастыруды көздейтін бірқатар түзету енгізілді.
Заңға өзгерістер енгізілгенге дейін ыңғайсыз қайшылықтар пайда болып, олардың мүліктік құқықтарын шектеді. Атап айтқанда, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді автордан сатып алу авторлық құқықтың барлық мерзімін мемлекетке беруді көздеді. Бұл «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның 28-бабы, яғни автордың бүкіл өміріне және қайтыс болғаннан кейін 70 жылға ұзартылды. Бұл жайлы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өткен жылы 16 қыркүйекте Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде былай деген еді.
«Өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі, автор оны басып шығаруға және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен таратуға құқылы болады.
«Мәдениет туралы» Заңға авторлардан қоғамдық маңызы бар әдебиетті белгіленген қысқа мерзімге сатып алу бөлігінде өзгерістер енгізілді. Осылайша, қоғамдық маңызы бар әдебиетке авторлық құқықты сатып алу мерзімін 3-5 жылға қысқарту авторлардың өз еңбектерін одан әрі пайдалану құқықтарының шектелуіне жол бермейді.
Сонымен қатар Министрлік қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Қазіргі уақытта Ақтоты Райымқұлова «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидаларын бекіту туралы» Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылы 18 шілдедегі «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидаларын бекіту туралы» №210 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрыққа қол қойды. Бұл бұйрық Әділет министрлігінде тіркеліп, ҚР НҚА эталондық бақылау банкінің сайтында биыл 25 наурызда ресми жарияланды. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң (5 сәуірде) қолданысқа енгізіледі.
Бұл бұйрық қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді іріктеу критерийлерін реттеп, іріктеудің ашықтығы мен сапасын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар қоғамдық маңызы бар әдебиетті іріктеудің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өтінімдерді қабылдау мен алдын ала іріктеуді осы жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы» РММ жүзеге асырады. Кітап палатасының жанынан қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығаруға арналған өтінімдерді алдын ала іріктеуді жүзеге асыратын бөлімше құрылды. Ол үшін әдебиет шығаруға келіп түскен өтінімдерді орналастыру үшін онлайн платформа құрылды.
Ең көп оң пікірге ие болған әдебиет белгілі бір мерзімге қоғамдық маңызы бар әдебиетке және (немесе) оны басып шығаруға мүліктік құқықтарды сатып алу бойынша сараптама комиссиясының (бұдан әрі – сараптама комиссия) қарауына жіберіледі. Бұл жерде оларда көркемдік құндылықтың бар-жоғын, оларды басып шығарудың өзектілігін, орындылығын зерделеу және олар бойынша қорытынды дайындалады.
Ал сараптама комиссиясының оң бағасын алған әдебиет қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығарудың тақырыптық жоспарына одан әрі енгізу үшін белгілі бір мерзімге қоғамдық маңызы бар әдебиетке және (немесе) оны басып шығаруға мүліктік құқықтарды сатып алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – ведомствоаралық комиссия) қарауына енгізіледі.
Жыл сайын 033 «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еліміздің мәдени мұрасын сақтау, зерттеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының 108 «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен қаржыландыру жүзеге асырылады.
2017 жылы жалпы таралымы 966 мың дана 52 туынды сатып алынды және 191 қоғамдық маңызы бар әдебиет басып шығарылды.
2018 жылы – 67 туынды сатып алынды және жалпы таралымы 806 мың дана 179 атау басып шығарылды.
2019 жылы – 62 туынды сатып алынды және жалпы таралымы 647,5 мың дана 144 атау басып шығарылды.
2020 жылы – 61 туынды сатып алынды және жалпы таралымы 891,5 мың дана 313 атау басып шығарылды.
Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша шығарылған барлық кітап республика кітапханаларына тегін таратылады. 2021 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттерді шығару басым бағыттың бірі. Осы жылы отандық және шетелдік авторлардың балалар әдебиеті тақырыбындағы 33 атауын шығару жоспарланып отыр.
Бұл қатарда отандық жазушылардың мынандай шығармасы бар: Ақселеу Сейдімбек «Алпамыс батыр», Несіпбек Айт «Саяхатшы шыбын. Муха-непоседа», Серік Байхонов «Сара апамның сабақтары», Нағашыбек Қапалбекұлы «Балалар әлемі», Герольд Бельгер «Волк, Чапа и другие», Оразақын Асқар «Ауыл балалары мен қала балалары» және т.б.
Шетелдік авторлардың қазақ тіліне аударылған шығармалары: Даниэль Дефо (аударған Кеңес Дүйсен) «Робинзон Крузо», Джонатан Свифт (аударған Жамалхан Асықова), «Гулливердің саяхаттары», Стивенсон Роберт Льюис (аударған Қадыр Дәуітов), «Қазына аралы» мен Кумамота, Нагасаки, Кавага сынды жапон аңыз-ертегілерінің үш томдығы (аударған Шарафат Жылқыбаев).
Сонымен қатар биыл авторлардан 2019 жылы алынған шығармалар, оның ішінде балалар әдебиетінің 7 атауы – Құлбек Ергөбек «Адамның бір қызы бала деген...», Айзат Рақышева «Балалықтың соңғы күзі», Серік Үсен «Қыранның балапаны» т.б.
Биыл жалпы таралыммен балалар мен жасөспірімдерге арналған 120 мың таралыммен 40 әдебиет атауын басып шығарып, республика кітапханаларына тарату жоспарланып отыр.
Халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғалардың бірі Қазақстан 2021 жылы мерзімді баспасөз, кітап шығару, кітап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Мемлекетаралық Кеңеске төрағалық етеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Кеңестің XXVI отырысы және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің «кітап өнері» XVIII халықаралық конкурсы сияқты бірқатар іс-шараларды өткізеді.