Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті мен Словакия экономика университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті мен Словакия экономика университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

10 ақпанда Қазақстанның Словакиядағы Елшілігінің қолдауымен Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің ректоры Майнюра Мурзамадиева және Братиславадағы Словакия экономика университетінің ректоры Фердинанд Данё онлайн форматта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында екі тараптың қызметкерлері, оқытушылар құрамы, студент, магистрант, аспирант, докторанттары білім алу, зерттеу жұмысы, тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту мақсатында алмаса алады.

Қазақстанның Словакиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Роман Василенко аталған ынтымақтастық екі жаққа да қызық және тиімді болатынын атап өтті. Ал Майнюра Мурзамадиева халықаралық әріптестікке дайын екенін, бұл тұрғыда көптеген пайдалы жоба барын, ынтымақтастық білім беру саласындағы қазақ-словак қатынасы үшін де тың серпін беретінін жеткізді.

Біздің анықтама:

2020 жылы студенттерге өз есігін айқара ашқан Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті − туризм саласында әлемдік деңгейдегі мамандар даярлайтын алғашқы қазақстандық мамандандырылған білім беру мекемесі. Жоғары оқу орнында отандық және шетелдік профессорлар, ғылым докторлары, туризм және сервис саласындағы ірі компаниялардың топ-менеджерлері дәріс береді. Университет − Жібек жолының жүрегіндегі Түркістан қаласында орналасқан. Түркістан 1500 жылдан астам тарихы бар Орталық Азиядағы ең ежелгі қалалардың бірі.

Братиславадағы Экономика университеті (www.euba.sk) жеті факультеттен тұрады. Олар: ұлттық экономика, бизнес, бизнес-информатика, іскерлік әкімшілік, халықаралық қатынастар, қолданбалы тілдер және Кошицеде орналасқан іскери әкімшілігі факультеті. ЖОО өткен жылы 80 жылдық мерейтойын атап өткен.