Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта Бішкекте өткен «Жамбыл - қазақ-қырғызға ортақ ақын» атты жиынға қатысты

Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта Бішкекте өткен «Жамбыл - қазақ-қырғызға ортақ ақын» атты жиынға қатысты

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте өткен «Жамбыл - қазақ-қырғызға ортақ ақын» атты жиынға қатысты.

Түркі тілдес елдер тәуелсіздігінің 30 жылдығына және көрнекті жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған алқалы басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Нұржігіт Қадырбеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, «Манас» және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының президент Топчубек Тургуналиев, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Акматалиев,  Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстанның белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, танымал түркітанушы ғалымдар, Түркі елдері Ұлттық ғылым академияларының жетекшілері мен дипломатиялық миссия басшылары қатысты.

Аталған іс-шара аясында қазақша-қырғызша кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Атап айтқанда, халықаралық Түркі академиясы әзірлеген қырғыз халқының әйгілі «Манас» эпосының қазақша нұсқасы көпшілік назарына ұсынылды. Дастанды қазақша жырлаған белгілі манасшы, ақын - Баянғали Әлімжанов. Сонымен қатар академия баспаға əзірлеген Абай шығармаларының қырғыз тіліндегі академиялық жинағы да оқырманға жол тартты.

Жиын барысында Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен қарасөздерін қырғызша аударуға елеулі үлес қосып келе жатқан Керимбек Кадыракунов пен Түгелбай Казаков Түркі академиясының күміс медалімен, көрнекті ғалым Абдылдажан Акматалиев академияның алтын медалімен марапатталды.

Жиында сөз алған Ақтоты Райымқұлова биыл «Дала Гомері» атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы елімізде кең көлемде атап өтілетінін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекет тарапынан Жамбыл тұлғасы мен асыл мұраларына деген айрықша көзқарасты жан-жақты көрсету үшін барлық шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұлы ақынның мерейтойын өткізу бойынша Мемлекет басшысының Жарлығын дайындап, арнайы Мемлекеттік комиссия құру жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының төрағалығымен, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрі мен жергілікті атқарушы орган басшылары, жамбылтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері енді.

Бұдан басқа, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу бойынша жалпы республикалық 100-ге жуық тармақтан тұратын жоспар дайындалды. Оған әлеуметтік, имидждік, ғылыми, танымдық, реставрациялық іс-шаралар кіреді. Ең бастысы, назар той тойлауға емес, ой толғауға бағытталған білім беру, танымдық жобаларға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі 26 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыка-драма театрында өтеді деп жоспарланған. Кеш барысында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық қойылым ұсынылады. Жалпы биыл өтетін іс-шаралар Жамбыл Жабаевтың есімі мен шығармашылығын республикамызда ғана емес, шетелдерде насихаттаудың және одан әрі танытудың, өскелең ұрпақ арасында мәдениетімізді жаңғыртуға қосар үлесі зор деп сенеміз»,-деді министр.

Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова бауырлас екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық жайын сөз етіп, бірлесе атқарылатын жұмысқа тоқталды.

«Жалпы екі жақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тығыз орнап, нығайып жатыр.

Қазір 2007 жылы 26 сәуірде Бішкекте Қырғыз Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық негізінде екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыс орнатылып, оның шеңберінде бірқатар іс-шара тұрақты өткізіліп келеді.

Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапарынан кейін 2021 жылы Қырғыз Республикасында Қазақстан Республикасының Мәдениет күндерін және 2022 жылы Қазақстан Республикасында Қырғыз Республикасының Мәдениет күндерін өткізу жоспарлануда. Министрлік республикалық бюджет комиссиясының қарауына өтінім берді. Мақұлданған жағдайда жоғарыда аталған іс-шаралар жүзеге асырылады.

Бүгінгі Түркі тілдес елдер тәуелсіздігінің 30 жылдығына және көрнекті жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған алқалы басқосу өз жемісін беріп, екі ел арасындағы бауырластық қарым қатынасқа жаңа серпін береріне сенемін.

Тұсауы кесілген қырғыз халқының әйгілі «Манас» эпосының қазақша нұсқасы мен хакім Абай шығармаларының қырғыз тіліндегі академиялық жинағы қазақ-қырғыз оқырмандарының жүрегінен орын алуына тілектеспін»,-деді.