Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай 20 мыңнан астам іс-шара өтті

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай 20 мыңнан астам іс-шара өтті

2020 жылдың 21 қаңтарында «Астана Опера» театрында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ресми түрде ашылды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып бекітілді.

27 қаңтарда Чехия астанасы Прагадағы Ұлттық кітапханада Абай атындағы мәдени-ақпараттық орталық ашылды. Братислава, Будапешт, Берлин, Люцернода «Абай оқулары» ұйымдастырылды.

Жалпы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай шет мемлекеттерде өткен іс-шаралармен қосқанда 20 мыңнан астам түрлі іс-шара өтті. Республикада 8 ескеткіш пен 2 бюст қойылса, алыс-жақын елдерде 14 Абай мәдени орталығы ашылды. Сонымен қатар хакім шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Семей қаласы әуежайына, 14 көше мен даңғылға, 6 білім беру мекемесіне Абай есімі беріліп, Нұр-Сұлтан қаласында Абай академиясы бой көтерді. Отандық арналар қатары «Абай» телеарнасымен толықты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Ұлы ақынның атымен байланысты нысандарда музеефикация және ғылыми-қалпына келтіру жұмысы басталды. Атап айтқанда Ахмет-Риза мешіті мен медресесінде, «Жидебай-Бөрілі» музей-үйінде жаңа музей технологияларын және қазіргі заманғы жабдықтарды қолдана отырып, экспозициялық залдар толық жаңарды.

«Абай-Шәкәрім» мемориалды кешенінің аумағы абаттандырылып, Жидебайдағы Абай қыстағында, «Ұлжан-Зере» кесенесінде, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтың музей-үйінде, Семейдің мешіттері мен медреселерінде және басқа да нысандарда ғылыми-реставрациялау жұмысы жүрді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Семейде «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші ашылды.

Ал Алтын Орданың 750 жылдығы аясында «Ұлытау» сапар-орталығы мен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Жошы және Алаш хан кесенесінде ғылыми-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдығы аясында Отырар қалашығының солтүстік қақпасы, бекініс қабырғаларын, тұрғын үй кварталдары, магистральды көшелерді, мешіттер мен керамикалық шеберханаларды қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр. Әл-Фарабидің үш тілдегі 7 томдық еңбегі жарыққа шықты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби»  орталығы ашылды.