«Рухани жаңғыру» бағдарламасы: Өңірлердегі тарихи-мәдени объектілердің инфрақұрылымы күшейтіліп келеді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы: Өңірлердегі тарихи-мәдени объектілердің инфрақұрылымы күшейтіліп келеді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлердегі тарихи-мәдени объектілердің инфрақұрылымы күшейтілді. Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандағы киелі жер географиясы жобасы аясында бірыңғай белдеу құру бойынша жұмыс істеп жатыр. Жалпы 500 тарихи нысан визуализацияланып qazmaps.kz платформасына орналастырылды. «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының үшінші бөлімі таныстырылып, төртінші томы дайындалуда.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан қалашығын қалпына келтіру бойынша қарқынды жұмыс жалғасып келеді. Министрлік 2019-2021 жылдар аралығында қалашықтың шынайы келбетін толық қалпына келтіре отырып, 88,7 гектар алаңды қалпына келтіру, консервациялау, музеефикациялау және абаттандыру жоспарының жобасын әзірледі. Сонымен қатар ортағасырлық «Сауран», «Яссы», «Сарайшық», «Баласағұн» және «Бозоқ» қалашығын қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Мәселен, ашық аспан астындағы «Бозоқ ескі қалашығы» ұлттық паркін құру бойынша ауқымды жобаны іске асыру басталды.

Барлық республикалық жетекші музей-қорық жанынан визит-орталықтар салынып, музеефикация жұмысы жүргізілуде. 2019 жылы Түркістан облысында «Отырар», Алматы облысында «Таңбалы» визит-орталықтарының құрылысы аяқталды. 2020 жылы «Ұлытау» визит-орталығының құрылысы аяқталады. 2020 жылы «Гаухар ана», «Ордабасы» және «Сауран» сапар орталығының құрылысы басталса, 2021 жылдан бастап «Есік», «Берел», «Шілікті» сапар-орталығының құрылысы басталады.

Барлық халықаралық норма мен талапты сақтау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени кешендер аумағында жүргізілетін жұмысты бақылау үшін арнайы әдіснамалық кеңес құрды. Барлық жобаны дайындауға еліміздегі танымал ғалымдар мен халықаралық сарапшылар қатысып, осыдан кейін ЮНЕСКО өкілдерімен келісіледі.