Мәдениет, спорт саласы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын 25%-ға ұлғаяды

Мәдениет, спорт саласы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын 25%-ға ұлғаяды

Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде өткен жылы 1 қаңтардан бастап мәдениет және архив ұйымы қызметкерлерінің еңбекақысы республикалық деңгейде 50%, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Еңбекақының өсуі республика бойынша шамамен 34 мың адамды қамтыды десек, оның 3 мыңға жуығы республикалық деңгейді, ал 31 мыңнан астамы өңірлерді қамтыды.

Мемлекет тарапынан қолдаудың келесі түрі балет бишілеріне қатысты. «Мәдениет туралы» Заңға өткен жылы енгізілген өзгеріс пен толықтыруларға сәйкес, мәдениет ұйымында 20 жылдық еңбек өтілі бар балет бишілері зейнет жасына дейін еңбекақысының 60%-ы көлемінде мемлекеттік жәрдемақы ала алады.

Сонымен қатар әдебиет пен өнер қайраткерлері мен дарынды жастарды қолдауға бағытталған Тұңғыш Президент – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 АЕК-ке дейін артты. 2020 жылы Мемлекеттік стипендияға 75 мәдениет және өнер қайраткері ие болды.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылға дейін мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын 25%-ға ұлғаяды. Мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы үшін лауазымдық еңбекақысына 1,75 коэффициенті сақталады.

Мәдениет және өнер мекемесі ұжымдарын ынталандыру мақсатында өткен жылы 7 қазанда «Рухани қазына – 2020» республикалық байқауы өтті. Еліміздің барлық өңірінен 259 өтініш келіп түскен байқауда 50 номинация бойынша жеңімпаз анықталды. Оның ішінде үздік шыққан 23 ұжымға 1 миллион теңге, қалған 27 үздік қызметкерге 500 мың теңге сыйақы табысталды.