«Кинематография туралы» Заң: қазақстандық киноның негізгі құжаты қандай болуы керек

«Кинематография туралы» Заң: қазақстандық киноның негізгі құжаты қандай болуы керек

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлованың, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы Е. Қосыбаевтың, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Президенті А. Сатаевтың, кинематографистер Р. Нұғмановтың, Б. Шүкеновтың және т.б. қатысуымен «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы өткізілді.

2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» Заң пысықтауды және жетілдіруді қажет ететіндігі жөнінде аз айтылған жоқ. Бүгінде біздің кинематографистер кино өндіру барысында бірқатар кемшіліктерге тап болуда. Барлығына таныс zoom-конференция форматында өткен әңгіме нәтижелі әрі пайдалы болғанын айта кету қажет. Отырыс барысында кинокомиссия құру, шетелдік заңды тұлғаға берілетін субсидиялардың мөлшерін азайту туралы ұсыныстар, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселелері талқыланды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Өнер және мәдениет істері департаменті директорының орынбасары Ғани Мұратов түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде кинокомиссиялардың жергілікті билікпен бірлесіп, сәтті жұмыс істеуі мүмкін жағдайларды ұсынды.

Бұл ретте, «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма Төрағасы Есетжан Қосыбаев қаржы-экономикалық аспектілерді, атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде жобалардың көлемін, санын және субсидиялардың мөлшерін есептеу үшін кіші комиссия құруды ұсынды. Сондай-ақ, Кино орталығының басшысы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы көрсететін қызметтер қатарына киносериалдар шығаруды енгізе отырып, оның мүмкіндіктерін заңнамалық түрде кеңейтуге шақырды.

«Арман» кинотеатрлар желісінің директоры Бауыржан Шүкенов, өз кезегінде, кез-келген кинокомиссияны құрудың мәні ерекше мәдени тесттен тұратындығын және преференциялар ұсынылған жағдайда, шетелдік серіктестермен жасалатын шартта бірқатар маңызды бөлшектерді жазу керектігін, атап айтқанда, фильмде түсіріліп жатқан орын туралы міндетті түрде айтылуы қажет екендігін айтып өтті.

Шетелдік заңды тұлғаға берілетін субсидиялардың мөлшерін азайту, Кино орталығаның өндірістік жұмыстарын қаржыландыру рәсімінің техникалық мәселелері, пандемия аясында 2020 жылдың тиімділігі төмен болғандықтан рибейт ұсыну мерзімдерін ұзарту мәселелері бойынша да көптеген ұсыныстар айтылды.

Режиссер Рашид Нұғманов субсидиялар төлеу ережелеріне резиденттерді қосуды, сондай-ақ Заңда «Қазақфильм» киностудиясының мәртебесі туралы бапты қарастыруды ұсынды. «Қазақфильм» киностудиясының басшысы Ақан Сатаев шалғай өңірлер рибейттің неғұрлым жоғары пайызынан үміттене алатын, сондай-ақ Қазақстандағы ішкі туризмнің дамуына оң ықпал ететін рибейттер мәселесін шешу үшін Канада тәжірибесін қолдануды ұсынды.

Сонымен қатар, отырыс барысында мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде фильмдерді субтитрлеу мен тифлотүсіндірмелеуін қамтамасыз ету бойынша өндірушілердің міндеттемелері талқыланды.