«Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысы мəресіне жетті

«Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысы мəресіне жетті

Бүгін Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Nomad City Hall залында «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысының ақтық мәресі өтті.

Дүбірлі доданың нәтижесінде Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Алтын домбыра» мен республикалық ақындар айтысындағы бас жүлдені Мұхтар Ниязовқа табыстады. Ал 1-орынды Бекарыс Шойбеков, 2-орынды Еркебұлан Қайназар, 3-орынды Серік Қуан иеленді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің мәдениет саласына, оның ішінде ұлтымыздың дәстүрлі айтыс өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дариға Мұштанова, Серік Ыдырысов, Ақмарал Леубаева, Әбілхайыр Сыздықов, Жібек Болтанова «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, мәдени мұрасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан асыл мұра, өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі.

Осы киелі мұраны насихаттап, талантты жастарымыздың шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі аталмыш республикалық ақындар айтысын өткізіп отыр.

Айта кетейік, 3-4 қараша күндері айтыстың іріктеу кезеңіне қатысқан 10 жұптың, яғни 20 ақынның өнерін тамашалаған қазылар алқасы жартылай финалға 8 ақынды (4 жұп) іріктеп алды.

Республикалық ақындар айтысының ақтық мәресіне халықаралық және республикалық айтыстың жеңімпаздары, «Алтын домбыра» иегерлері Мұхтар Ниязов, Серік Қуанған, Еркебұлан Қайназар, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Қазырет Бердіхан, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев қатысты.

Биылғы дүбірлі доданың әділқазы алқасына көрнекті өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Халық артисі, «Отан», «Құрмет» орденінің иегері - Асанәлі Әшімов төрағалық етті.

«Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысының жүргізушісі - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілер халықаралық одағының төрағасы – Жүрсін Ерманов.

Коронавирус пандемиясына байланысты айтыс көрерменсіз өтті. Ал телевизияға арналған нұсқасы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.