Қазақстан «Балалар Евровизиясы» ән байқауында екінші орын алды

Қазақстан «Балалар Евровизиясы» ән байқауында екінші орын алды

Биылғы XVIII «Балалар Евровизиясы» ән байқауы мәресіне жетті. Ән конкурсына Қазақстан атынан Forever әнімен жас әнші Қарақат Башанова қатысты.

Еліміздегі «Балалар Евровизиясы» байқауына ҚР-ның Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетті. Байқау финалы «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде өтті.

Қарақат Башанова сахнаға германиялық Сьюзан Озелоффтан кейін екінші болып шықты.

Конкурс қорытындысы бойынша Қарақат Башанова 152 балл жинап екінші орын алды. Ал бас жүлде франциялық әншіге бұйырды.

Айта кетейік, байқау Польша астанасы Варшавада өтті. Дегенмен пандемияға байланысты қатысушылар өз еліндегі студиясында өнер көрсетті. Биылғы байқауда Қазақстан, Германия, Нидерланды, Сербия, Беларусь, Польша, Грузия, Мальта, Ресей, Испания, Украина, Франциядан келген 12 қатысушы бақ сынады.

Біздің анықтама:
Қазақстан алғаш рет 2018 жылы «Балалар Евровизиясы» ән конкурсына қатысып, Данэлия Төлешова алтыншы орынға ие болған. Өткен жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орыннан (қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші) көрінген еді.