Ақтоты Райымқұлова Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық онлайн іс-шараға қатысты

Ақтоты Райымқұлова Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық онлайн іс-шараға қатысты

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ұлыбритания парламентінің Лордтар палатасы, «Еуразияның консервативті достары» саяси парламент ұйымы мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен әлемдік деңгейдегі ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған онлайн іс-шараға қатысты. 

Жиынға Қазақстан Республикасының Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлыбританияның билеуші консервативтік партия жетекшісінің бұрынғы орынбасары Лорд Питер Лилли, Лордтар палатасының мүшесі және Цифрландыру, мәдениет, бұқаралық ақпарат және спорт министрінің орынбасары Джон Уиттигдейл, Лордтар палатасының мүшесі және Кәсіпкерлік, энергетикалық және өнеркәсіптік стратегия министрінің парламенттік орынбасары Пол Скалли мен өзге де Лордтар мен Қауымдар палатасының депутаттары қатысты.

Лордтар палатасындағы Еуразия өңірі бойынша аға кеңесші және «Еуразияның консервативті достары» ұйымының негізін қалаушы, президенті Бота Хопкинсон іс-шараның модераторы болды.

Онлайн іс-шара Нұр-Сұлтан уақытымен 16:00-де басталып, 45 минутқа созылды.

Іс-шарада сөз алған Ақтоты Райымқұлова хакім мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп жатқаны үшін Елшілік пен Ұлыбританияның зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтты.

«Биыл Қазақстан мемлекеті халқының ұлы ақыны, бәйтерегі, данышпан-ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толғанын халықаралық масштабта тойлап жатыр. Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастық тұрақты түрде көрме және концерттер өткізу, мәдениет саласында тәжірибе алмасу арқылы жүзеге асып келеді. Бүгін осындай іс-шараның өткізілуі екі елдің арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жоғары деңгейде жүріп жатқандығының белгісі.

Қазақ жазба әдебиетін қалыптастырып, соңында мәңгілік мұра қалдырған ұлы ойшылдың есімі әрбір қазақтың жүрегінде. Ол өз заманында-ақ өресі биік, көңіл көкжиегі кең тұлға ретінде танылды. Табиғат, махаббат, саяси лирикаға арнап өлеңдер жазды. Шығармашылығының тағы бір қыры – қара сөздері. Абайдың осы қырық бес ғақлиясы әлем халқының ерекше ықыласына бөленіп келеді.

«Өнерде шекара болмайды»-демекші, Абайдың шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылған. Тау тұлғаның маржан сөздерімен, ғибратты һәм терең поэзиясымен танысқан әлем халқының таңданысын әрбіріміз көріп, біліп отырмыз.

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын халықаралық масштабта өткізудегі ең маңызды міндеттің бірі – Абай шығармашылығын әлем халқына насихаттау. Осыған орай, мерейтой қарсаңында Абайдың өлеңдері мен «қара сөздері» 10 шет тіліне, соның ішінде француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, италия, түрік орыс тілдеріне аударып, аталған елдерде тарату жоспарланған. Жұмысымыз жоспар бойынша жүріп жатыр. Соның арасында, жақында әлемдегі ең беделді және ғасырлық тарихы бар Кембридж университеті баспасымен бірлесе отырып ұлы ақынымыздың шығармаларының ағылшын тіліндегі алғашқы толық жинағының жарық көруі - біз үшін зор қуаныш.

Қазіргі уақытта бүкіл әлемді алаңдатқан коронавирус пандемиясына байланысты дүркіреп өтуі тиіс іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылып отыр. Алайда, бұл жағдай ұлы ақынның қазақ халқына және әлем әдебиетіне қосқан үлесін әлемге таныстыруға кедергі бола алмайды.

«Абай - біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз»-деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, осындай іс-шаралар ұлы Абайдың қазақ елінің әлемдік аренадағы брендіне айналуына өз үлесін қосады.

Осы орайда, Сіздерге ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысып отырғандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастығымызды одан әрі табысты жалғастыра беретінімізге зор сенімдімін»,-деді министр.