Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жас ғалымдар конференциясы өтті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жас ғалымдар конференциясы өтті

Бүгін онлайн режимінде өткен «Қазақстандық мемлекеттілікті Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі конституциялық принциптерге сәйкес бекітуі-елдің табысты дамуының кепілі» атты жас ғалымдардың  халықаралық конференциясы Тұңғыш Президент күніне орайластырылды.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының вице-спикері Нұрлан Әбдіров, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, профессорлар мен университет ректорлары, жас ғалымдар және басқалар қатысты.

Ғылыми жиында сөз алған министрлік басшысы қысқа мерзім ішінде Қазақстан халықаралық аренада маңызды нәтижелерге қол жеткізіп, өз беделін нығайта алғанын атап өтті.

- Қазіргі Қазақстанның жетістіктері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екендігі сөзсіз. Мемлекеттілікті сақтау мәселесі өте өткір болған кезде ел басында тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы саяси даналық пен стратегиялық көрегендікті көрсете отырып, оның болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алып қана қоймай, мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін әзірлеуде шешуші рөл атқарды, - деді министр.

Министр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық бірегейлікті, мәдениетті, тілді және өзіндік ұлттық кодты сақтау жөніндегі жаңа міндеттер нақты белгіленген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының рөліне тоқталды.

- Елбасы «Біздің мәдени кодымыз: тілімізді, руханиятымызды, дәстүрімізді, құндылықтарымызды сақтау әлеуметтік жаңғыртудың басты шарты. Егер ұлт өзінің мәдени кодын жоғалтса, онда ұлттың өзі де жойылады», деп айтқан еді. Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар арнайы жобаларды іске асырып отыр. Олардың бірі ұлттық бірегейлікті сақтау мен кеңінен танымал етуге бағытталған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы.

Сондай-ақ, министрлік еліміздің киелі орындарының бірыңғай белдеуін құру бойынша жұмыс жүргізіп отыр. Виртуалды карта платформасында qazmaps.kz сайты ашылды, «Киелі Қазақстан» энциклопедиясы басылып, таныстырылды, Түркістанның тарихи орталығын қалпына келтіру бойынша, «Күлтөбе» археологиялық ескерткішін жан - жақты зерттеліп, ортағасырлық «Сауран», «Яссы», «Сарайшық», «Баласағұн» және «Бозоқ» қалашықтарын реставрациялау жұмыстары атқарылып отыр және тағы басқалар, - деп айтты Ақтоты Райымқұлова.

Конференцияға қатысушылар бірнеше секция аясында Елбасының ел дамуындағы негізгі қағидаларын, 21 ғасырдағы Қазақстанның экономикалық табысын талқылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мұрасы туралы пікірлерімен бөлісті және Елбасының мәдениет пен рухани мұраны сақтап, жаңғыртуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.