Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта Мэри Ройспен кездесті

Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта Мэри Ройспен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта АҚШ Мемлекеттік хатшысының мәдениет пен білім мәселесі жөніндегі орынбасары Мэри Ройспен кездесті.

Сонымен қатар бұл жиынға ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі Білім, ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Рауан Игенов, Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Мақсат Арғынбеков, Мәдениет және өнер істері департаменті Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева, ҚР Сыртқы істер министрлігі Америка департаментінің директоры Болат Сүгірбаев, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уильям Мозер, АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Кэролин Касаграндэ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігіндегі БАҚ, мəдениет жəне білім мəселесі бойынша бөлім жетекшісі Кристиан Райт, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінде мəдениет пен білім мəселесі бойынша атташе Амбер Аура, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінде мəдени бағдарламалар координаторы Айнұр Сембаева қатысты.

Жиын барысында екі тарап мәдени-гуманитарлы байланыс пен АҚШ тарапы мәдениет саласында қолға алған жобаны талқылады.

Басқосуда сөз алған Ақтоты Райымқұлова коронавирус пандемиясына байланысты кездесу онлайн форматта өтіп отырғанына қарамастан екі жақты мəдени ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Бүгінде екі мемлекет арасындағы мəдени-гуманитарлы байланыс жоғары деңгейде. ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың басында АҚШ-қа ресми іс-сапары аясында біз кино саласында əріптестікті нығайтқан едік. Сонымен қатар осы сапар кезінде АҚШ-тың Конгресс-кітапханасында жəне Нью-Йорк қаласындағы кітапханада қазақ мəдениеті мен əдебиеті орталығы ашылды.

Ал өткен жылы желтоқсанда біз Қазақстанның АҚШ-тағы мəдениет күндерін сəтті өткіздік. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан мен АҚШ арасында мəдени іс-шара өткен жоқ. Біз өз тарапымыздан алдағы уақытта мəдени əріптестікті жандандыруға дайынбыз»,-деді министр.

Ақтоты Райымқұлова 2001 жылдан бері АҚШ Елшілігі мәдени мұраны сақтауға арналған қоры əр елде жүзеге асырып келе жатқан жобаға ұсынып отырған отандық жобалар жайлы тарқатып айтып өтті.

Біздің анықтама:

«АҚШ Елшісінің мәдени мұраны сақтауға арналған қоры» гранты - 2001 жылдан бері əр елдегі АҚШ елшілігі тарапынан жергілікті халықтың тарихи, мəдени ескерткіштерін реставрациялау, сирек қолжазба мен жəдігердерді сақтауға, жойылып бара жатқан дәстүрлі қолөнер мен жергілікті халықтың тілін сақтауға бағытталған жобаларды қолдап келеді.