Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы демалыссыз жұмыс істейді

Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы демалыссыз жұмыс істейді

Жамбыл атындағы Алматы қаласының жасөспірімдер кітапханасы 1976 жылы ақпарат, рухани тілдесу және жастардың демалыс орталығы ретінде құрылып, республикалық маңызы бар кітапхана мәртебесін алған болатын.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен кітапханаға ұлы ақын, жыршы Жамбыл Жабаевтың есімі беріліп, 2008 жылы Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өтті. Ал 2016 жылы кітапхана қазіргі таңда 25 филиалы бар Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрамына енгізілді.

Бүгінде білім үйі сол алғашқы мекенжайы - Н.Ә.Назарбаев даңғылындағы ғимаратта орналасқан. Қазір кітапханада екі ауысымда 36 қызметкер жұмыс істейді.

Алғашқы жоба бойынша 100 оқырманға арналған кітапхана қайта жөндеуден кейін аталған сан 400-ге өсті.

Сонымен қоса келушілер үшін бар жағдай жасалып, заманауи компьютерлермен жабдықталды. Модернизация кітапхананы коворкинг-орталығымен табысты біріктіре алды. Жаңадан ашылған бұл орталықтың мақсаты –жастардың бос уақытын тиімді, пайдалы өткізуіне себеп болу және еркін пікірлесу алаңын қалыптастыру.

Сонымен қатар реконструкциядан кейін кітапхананың жұмыс тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Енді Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы демалыссыз,  таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 22:00-ге  дейін жұмыс істейді. Жалпы кітап қоры 306932 мың. Оның ішіне қазақ тілінде - 180 000.

Модернизациядан өткеннен кейін оқырман саны 44270-ке жетті. Яғни, оқырман саны 365%-ға өсті. Жылына келуші саны 556400. Сондай-ақ нысанға Жамбыл есімін беліргендіктен кітапханада ұлы жыршы туралы әдебиет сақтайтын «Жамбыл Жабаев қоры» бар. Бүгінде кітапханада жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеуге, оларды мемлекет және азаматтық қоғам институттарына тартуға арналған түрлі іс-шаралар өтіп тұрады. Бұл бағытта «Жастар кітап оқуды таңдайды», «100 үздік қазақстандық кітап», «Жастар кітабының апталығы», «Кітапхана+кино», «Алтай Атырау арасы» жобасы келушілер арасында танымал.

Тағы Алматы қаласы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Мамандық кілті» кәсіби бағыттау клубы мен «Отандық туризм», English club, «Руханият» кітапқұмарлар клубы, «Білгім келеді», «Startap», «Motivation me», «Номофобия», «Логотерапия», «Жас Өркен» білім орталығы жұмыс істейді. Аталған жобалар кітапхананың тұрақты серіктестерінің көмегімен атқарылып жатыр.

Алдағы уақытта кітапхана қорды заманауи әдебиет, электронды ресурстармен кешенді толықтыру бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ оқырмандар қызығушылығы бойынша коворкинг-орталықтарын ұйымдастыру, түрлі тақырыптарда дебат өткізу, жылына 250-ге дейін интерактивті іс-шара өткізу күн тәртібінде тұр.