
2025 жылғы 15 сәуірде Үлкен Нарын ауданы мәслихатының кезекті он бірінші сессиясы өтті. Оған мәслихат депутаттарымен бірге аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұртуған Маратұлы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Данияр Ахметов, аудан бөлімдерінің басшылары, ауылдық округ әкімдері, республикалық, облыстық бағыныстағы басқарма басшылары, бұқаралық-ақпарат құралдарының өкілі, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары қатысты. Мәслихат сессиясының отырысы онлайн режимде интернет желісінде трансляцияланды.
Сессияда Үлкен Нарын ауданының және ауылдық округтердің 2024 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттерінің атқарылуы туралы, жергілікті мемлекеттік органдардың көктемгі су тасқынын алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы және әртүрлі мәселелер қаралды.
Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Үлкен Нарын ауданы әкімінің орынбасары Нұртуған Маратұлы 2024 жылға арналған Үлкен Нарын ауданы бюджетінің орындалуы туралы есеп берді.
Аудан әкімі орынбасарының мәліметіне сәйкес, аудан бюджеті есепті кезеңде өздік кірістер бойынша 180 пайызға, шығыстар бойынша 100 пайызға орындалды.
Өткен жылы Үлкен Нарын ауылында су құбыры желілері мен құрылыстарын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, облыстық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен Малонарым, Көктерек ауылындарындағы су құбырларына, Үлкен Нарын ауылындағы 3 қазандыққа, сондай-ақ жылу желілеріне, Жұлдыз ауылындағы клубқа, мектептер мен балабақшаларға ағымдағы жөндеу жүргізілген. Есепті жылда кірістер түсімінің және шығыстарды қаржыландырудың серпіні аудан бюджетінің нысаналы параметрлерге сәйкес атқарылғанын куәландырады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Данияр Ахметов 2024 жылға арналған Үлкен Нарын ауданы бюджетінің атқарылуына қорытынды берді. Ол өз сөзінде Үлкен Нарын ауданының 2024 жылғы бюджетінің атқарылуы жаңа әкімшілік-аумақтық бөліністі қалыптастыру жағдайында өткенін ескеріп, аудан бюджетіне толыққанды талдау жасай келе, қорытынды жасап, ұсынымдар берді.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Жанар Сыдыкова аудан бюджетінің негізгі көрсеткіштеріне тоқтала келе, бюджеттің атқарылуы жүргізіліп жатқан бюджет және салық саясатына сәйкес орындалғанын атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша есеп берген Үлкен Нарын ауданы әкімінің төтенше жағдайлар бойынша көмекшісі Аслан Кәсенов ақпарат берді. Баяндамашы көктемгі су тасқынын алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. 2025 жылы су тасқынының алдын алу мақсатында арықтарды, дренаждық құрылыстарды, айналма каналдарды тазалау жұмыстары жүргізілген. Ауданда ұзындығы 12,2 шақырымды құрайтын 3 айналма канал, 89 су өткізгіш, 37 арық және 29 көпір бар.
2025 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша олардың барлығына тазалау жұмыстары жүргізілген. Ауданда 4 су тасқыны қаупі бар учаске анықталып, қауіп барынша азайтылған.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан №5 сайлау округінің депутаты Дмитрий Веригин аталған мәселе бойынша ауданда біршама жұмыстардың атқарылғанын атап өтіп, жергілікті атқарушы органның көктемгі су тасқынын алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарына оң баға берді.
Сонымен қатар, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Эльвира Акимбетова аудан бюджетіне енгізілген өзгерістермен таныстырды.
Күн тәртібіндегі әр түрлі мәселелер бойынша мәслихат төрағасы Жанар Сыдыкова сөйледі. Үлкен Нарын ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Үлкен Нарын ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету Қағидасын және мөлшерін бекіту туралы шешіміне өзгеріс енгізу туралы, Үлкен Нарын ауданы бойынша жер комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы, Үлкен Нарын ауданының құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы, Үлкен Нарын ауданы мәслихатының кезекті он бірінші сессиясының жұмысына үзіліс жариялау туралы мәселелер бойынша шешімдер қабылданды.
Күн тәртібіндегі мәселелерді саралап қарап, талқылаудың нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды. 2 нормативтік құқықтық акті қабылданды. 6 ауылдық округтің бюджеттеріне өзгерістер енгізу үшін, он бірінші сессияның жұмысына 14 күнтізбелік күнге үзіліс жарияланды.