2025 жылғы 18 шілдеде Үлкен Нарын ауданы мәслихатының кезекті он төртінші сессиясы өтті. Оған мәслихат депутаттарымен бірге аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұртуған Маратұлы, аудан бөлімдерінің басшылары, ауылдық округ әкімдері, «Нарын таңы» газетінің тілшісі шақырылып, қатысты. Мәслихат сессиясының отырысы онлайн режимде интернет желісінде трансляцияланды.
Сессияда Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті
дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының Үлкен Нарын ауданында орындалу барысы туралы, Үлкен Нарын ауданы бойынша білім бөлімінің мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша жұмысы туралы, депутаттық өкілеттіктер, әдеп және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі туралы және әртүрлі мәселелер қаралды.
Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз Үлкен Нарын ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Елеусизов есеп берді.
Бөлім басшысының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ауданда 1182 бірлік шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2025 жылдың 5 айында 378,4 млн. теңге, немесе 2024 жылмен салыстырғанда 110,8% құраған.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан №5 сайлау округінің депутаты Д.Веригин кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар бойынша оның ішінде «Ақниет» бағдарламасы бойынша жобалар ұсыну қажеттігін айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша есеп берген Үлкен Нарын ауданы бойынша білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Сәрсенбекова ақпарат берді. Оның мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы жазғы кезеңде Үлкен Нарын ауданы бойынша балалар мен жасөспірімдердің демалысын тиімді ұйымдастыру үшін, олардың денсаулығын нығайту, шығармашылық қабілеттерін дамыту және еңбекке баулу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан №1 сайлау округінің депутаты Р.Жомартов атқарылған жұмыстарға оң баға бере келе, республика, облыстық лагерлерге жолдама санын арттыру жолдарын қарастыруды ұсынды.
Депутаттық өкілеттіктер, әдеп және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Ж.Жанабаев комиссияның атқарған жұмысы бойынша есебін берді.
Күн тәртібіндегі әр түрлі мәселелер блогына Үлкен Нарын ауданының терроризмге қарсы комиссиясының құрамын өзгеріс енгізу туралы мәселе енгізілген, шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі мәселелерді саралап қарап, талқылаудың нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды.