Депутат Саят Сыздықовтың төрағалығымен және мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіповтың қатысуымен Ақмола облыстық мәслихатында әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар 2024-2025 оқу жылын аяқтаудың, жазғы демалысты ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарастырды.
Негізгі баяндамамен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Назыкенова сөз сөйледі. Ол жазғы демалыс кезінде оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жоспарлары туралы айтып берді. Жұмысты үйлестіру үшін өңірлік ведомствоаралық штаб құрылды, жазғы кезеңде балаларды қабылдауға дайындалып жатқан балалар сауықтыру орталықтарының тізбесі қалыптастырылды.
Комиссия төрағасы Саят Сыздықов балалардың жазғы демалыс орындарында санитарлық нормаларды, азық-түлік қауіпсіздігін және сақтық шараларын күшейту қажеттігіне назар аударды.
Депутаттар балалардың жазғы кезеңде ұйымдасқан жұмыспен қамтылуы олардың дамуы мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Қала маңындағы лагерьлерді дамытуға ерекше назар аударылады. Ашық ауада, табиғат аясында, гаджеттерден алыс жерде балалар жаңа оқу жылына дейін қала қарбаласынан демалып, күш жинай алады.
Осыған орай, депутат Нұртас Ахат қазіргі кезде лингвистикалық бағыттағы балалар лагерлері үлкен танымалдылыққа ие болып отырғанын, онда Ж. Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжінің «Айшуақ» педотрядының студенттері табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Отырыс барысында депутат Сұлтанбек Бекешев Көкшетау қаласында үлгілі аула клубын ашу, БСО басшыларының тексеру кезіндегі жауапкершілігі, қосымша білім беру қызметтерін іске асыратын жеке орталықтарға рұқсат құжаттарын беру мәселелерін көтерді.
Анар Аяпбергенова жеке балабақшаларда ваучерлер бөлу және студенттердің демонстрациялық емтихандардан өту мәселелерін қозғады.
Депутат Алтын Мұстафинованы есту проблемалары бар колледж түлектерін одан әрі жұмысқа орналастыру толғандырады. Барлық мәселелерді депутаттар бақылауға алды.
Комиссия жұмысының барысында білім беру ұйымдарының 2025-2026 жылдарға арналған жөндеу жұмыстарына дайындық мәселелері және т. б. қарастырылды.
Отырысқа полиция, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының, цифрландыру және мұрағаттар және басқа да бейінді ведомстволардың өкілдері қатысты.