Бүгін Ақмола облыстық мәслихатында жаңартылған Қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өтті.
«Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес бұрын сайланған Қоғамдық кеңестің өкілеттік мерзімі аяқталды. Өткен құрам бұрынғы төраға Ермек Нұғыманның басшылығымен өз міндеттерін сәтті орындады.
«Қоғамдық кеңес - азаматтар мен билік органдары арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды құралы. Ол тұрғындардың мүдделерін қорғау, аймақтың өзекті мәселелерін талқылау және оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған.
Биыл конкурсқа қатысуға 47 үміткер өтінім берді. Іріктеу қорытындысы бойынша 31 адамнан тұратын Қоғамдық кеңес құрылып, тағы 5 кандидат резервке алынды», - деді облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов жиналысты ашқан кезде.
Отырыста қызу талқылаудан кейін Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Ақмола облысы ардагерлер Кеңесі төралқасының мүшесі, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясының мүшесі Қабдуәлі Құлышев сайланды.
«Қоғам өкілдері ретінде халқымызбен көтерілген мәселелерді шешуде қолдау көрсету үшін бар күш - жігерімізді, біліміміз бен тәжірибемізді жұмсаймыз», - деді ол.
Отырыста кеңес мүшелері консультативтік-кеңесші органның ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар айтты.
Қоғамдық кеңестің төрт тұрақты комиссиясының төрағалары да сайланды.
Айта кетейік, Кеңестің жаңа құрамының мүшелері әртүрлі салаларда үлкен кәсіби тәжірибе мен практикалық дағдыларға ие. Сарапшылардың осындай құрамының әлеуетін ескере отырып, Кеңестің жұмысы өңірді дамыту үшін жергілікті мемлекеттік басқару органдары қызметінің рөлін күшейту және тиімділігін арттыру үшін жаңа форматта құрылады деп күтілуде.