Спорт күніне құттықтау

Спорт күніне құттықтау

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!

 

Депутаттық корпус атынан сіздерді спорт күнімен құттықтаймын!

Бұл денсаулық, сергектік және физикалық кемелдік мерекесі барлық спорт пен салауатты өмір салтын жақтаушыларды біріктіреді.

Ақмола облысы спорттық дәстүрлерімен танымал. Біздің жерлестеріміздің арасында аймақтың және еліміздің атын шығарып, үлкен додалардағы жеңістерімен қуантып жүргендер аз емес.

Жоғары жетістіктер мектеп ауласынан, балалар спорт алаңдары мен секцияларынан басталатыны сөзсіз. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы болып табылады.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спортты Қазақстанның әрбір тұрғынына, әсіресе жастарға қолжетімді ету міндетін қойып отыр. Бұл мықты, дені сау және толыққанды қоғам құру үшін қажет.

Айта кетерлігі, жыл сайын өңірдің спорттық инфрақұрылымы нығайып, заманауи спорт ғимараттары пайдалануға берілуде, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылуда.

Осы мереке күні мен барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, дене шынықтыру қозғалысының белсенділерін, спорт мектептерінің оқушыларын және көптеген жанкүйерлерді Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге зор денсаулық, жаңа спорттық биіктерді бағындыру, бақыт пен амандық тілеймін!

Бейбіт Жүсіпов,

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы