
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары Айнагүл Балташева, Умар Шоназаров, Руслан Шамкенов, Сұлтанбек Бекешев AMANAT партиясы жариялаған «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы ауқымды экологиялық акциясының салтанатты басталуына қатысты.
Акция Аршалы ауданының аумағында басталды. Іс-шараға AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров, Парламент мәжілісінің, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары қатысты.
Бір апта ішінде партияның бірнеше жүз белсенділері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері «Астана – Алматы» трассасының жол бойындағы аумағын тазартады. Тазалау квадрокоптерлерді пайдалана отырып, аэробарлау деректері негізінде жүзеге асырылуда. Жиналған қалдықтар қоқыс полигондарына шығарылатын болады.
Партия белсенділері мен «Жастар Рухы» еріктілеріне Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстары арқылы өтетін 1200 шақырымнан астам трассаны жалпы тазарту жұмыстары жүргізілмек.
Road-эстафета экология және табиғи ресурстар министрлігінің және «Жасыл даму» АҚ қолдауымен өтуде. Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы қоқысты тасымалдауға арналған көлікті ұсынды.
Эстафетаға «Бір команда – Бір аймақ» қағидаты бойынша құрылған командалар қатысады. Командалырдың құрамына Мәжіліс пен мәслихат депутаттары кіреді, олар жастармен кездесулер және ірі елді мекендерде азаматтардың қоғамдық қабылдауларын өткізеді. Road-эстафетаның салтанатты аяқталуы Қонаевта өтеді.